Жалағашқа құрылыс саласының маманы әкім болды. Бүгін аймақ басшысы аудан активіне Ерлан Төрәлиевті таныстырды.
Ерлан Кәрімбекұлының Жалағаш ауданының әкімі болып тағайындалуы – ең алдымен оның құрылыс пен инфрақұрылым саласындағы тәжірибесімен ерекшеленеді деген ойдамын. Ол бұған дейін Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасын, Құрылыс басқармасын басқарған. Осы басқарма басшысының орынбасары, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, сондай-ақ республикалық деңгейдегі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық құрылымдарында да қызмет атқарған.
Бұл тәжірибе Жалағаш үшін маңызды. Себебі ауданда қазір жол, әлеуметтік нысандар, тұрғын үй, инженерлік инфрақұрылым және абаттандыру бағытындағы жобалар өте маңызды. Төрәлиевтің бұрынғы қызметі дәл осы жобалардың жоспарлануы, қаржыландырылуы және орындалу тетіктерін жақсы білуіне мүмкіндік береді.
Ендігі негізгі сынақ – осы тәжірибені ауыл шаруашылығы басым ауданның жалпы экономикалық дамуына бағыттау. Жалағашта әкімнің жұмысы тек құрылыс сапасымен емес, шаруалардың мәселесі, кәсіпкерлік, елді мекендердің инфрақұрылымы және халықпен жұмыс нәтижесімен бағаланады.
Яғни Төрәлиев үшін бұл – салалық басқармадан ауданның толық жауапкершілігіне өткен жаңа деңгей. Ал Жалағаш үшін басты күтілетін нәтиже – елмен етене жұмыс, жаңа жобалардың нақты іске асуы.

БӨЛІСУ