Шиелі ауданында автомобиль жолдарын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгін аудан әкімі Айтбай Жандарбеков тиісті сала басшыларымен бірге аудан орталығындағы Яссауи көшесінде жүргізіліп жатқан жол құрылысының барысымен танысты.
Қазіргі таңда Шиелі кентіндегі Яссауи, Бәкіров, Есабыз және Байтұрсынов көшелерінің қиылысынан К-4 каналының көпіріне дейінгі автомобиль жолдарын қайта жаңғырту және жаяу жүргіншілер жолдарын салу жобасы жүзеге асырылуда.
Жобаның жалпы құны – 1 млрд 520 млн теңге. Жаңғыртылатын жолдардың жалпы ұзындығы 4,04 шақырымды құрайды.
Жоба аясында Яссауи көшесі төрт жолақты болып қайта жаңғыртылады. Сонымен қатар көшелердің жол жүру бөлігі абаттандырылып, заманауи талаптарға сай аялдамалар орнатылады. Жол белгілері мен таңбалары, сондай-ақ көше жарықтандыру жүйесі толық жаңартылады.
Жобаның бас мердігері – «УАД» ЖШС, техникалық қадағалаушысы – «СК Энерго-OIL» ЖШС, авторлық қадағалаушысы – «СпецМонтажСтрой LTD» ЖШС.
Құрылыс барысын бақылай барған аудан әкімі мердігер мекемеге жұмыстардың сапасын қатаң сақтап, құрылысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Жоба толық іске асқан жағдайда Шиелі кентіндегі негізгі көшелердің бірі жаңарып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік артады.
