Ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Ақтөбе ауылында құны 50 млн теңге болатын жаңа өрт сөндіру бекеті ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Нысан Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасын қолдау мақсатында «Оңталап» шаруа қожалығының демеушілігімен салынған.
Өрт сөндіру бекетінің ашылу салтанатына аудан әкімінің тапсырмасымен аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов қатысып, жаңа нысанның ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар ауыл халқына ізгі тілегін жеткізді.
Жиында Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасұлан Түйменов ауылдық елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерінің болуы төтенше жағдайлардың алдын алу мен жедел әрекет ету үшін маңызды екенін атап өтті.
Бекеттің құрылысына белсенді атсалысқан бірқатар азамат Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының Алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты шарада ауыл ақсақалдары да ақжарма тілектерін білдірді. Қазақстан Республикасының құрметті ардагері, ауыл тұрғыны Ибрагим Жұмағұлов ізгі тілегін жеткізсе, Ақтөбе ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Исабек Көміршеев ақ батасын берді.
Айта кетейік, бүгінде республика көлемінде елді мекендерде 550 өрт сөндіру бекетін салу жұмыстары жүргізілуде. Қызылорда облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып, Ақтөбе ауылындағы бекет өңірдегі 10-шы өрт сөндіру бекеті ретінде ел игілігіне табысталып отыр.
Аудан көлемінде де бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Маусым айында Алдашбай ахун ауылында өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілсе, бүгін Ақтөбе ауылында осындай маңызды нысан ашылды. Жыл соңына дейін елді мекендердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жалғасын табады.
