Тазалық – өркениетті қоғамның ең қарапайым әрі ең маңызды көрсеткіштерінің бірі. Көшенің тазалығы, саябақтың күтімі немесе қоғамдық орындардың жинақылығы коммуналдық қызметтің ғана емес, тұрғындардың азаматтық мәдениетінің де айнасы. Сондықтан бүгінгі таңда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесі әлем елдерінің даму күн тәртібінен түскен емес.

Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының да негізгі мақсаты – сенбілік өткізу немесе қоқыс жинаумен ғана шектелмейді. Оның басты идеясы – тазалықты уақытша науқаннан күнделікті өмір салтына айналдыру. Бұл бастаманың 2026 жылғы жаңа Конституция негізінде қабылданған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасымен сабақтас болуы оның мемлекеттік саясаттағы маңызын айқындай түседі. Ендігі жерде елді мекендердің тазалығы тек коммуналдық мекемелердің емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі ретінде қарастырылады.

Осы тұрғыдан алғанда, Қазалы ауданында ұйымдастырылып жатқан экологиялық акциялар жаңа тұжырымдаманың жергілікті деңгейде жүзеге асуының нақты көрінісі деуге болады. Аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың тазалық мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, оны қоғамдық мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде қарастыруы – бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі сипат алып келе жатқанын көрсетеді.

Әйтеке би кентінде өткен кезекті тазалық акциясына мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, жастар, «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері және түрлі ұйымдардың қатысуы – экологиялық мәдениетті қалыптастырудың ұжымдық үлгісі. Мұндай бастамалардың ерекшелігі – адамдарды тек еңбекке жұмылдыруында емес, туған жерге деген жанашырлық сезімін қалыптастыруында.

Қоғамда тазалық мәселесі көбіне коммуналдық қызметтердің міндеті ретінде қабылданады. Алайда әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ең таза қалалар мен елді мекендерде тұрғындардың жеке жауапкершілігі жоғары болады. Егер әр адам өз ауласының, көшесінің немесе жұмыс орнының тазалығына бейжай қарамаса, санитарлық жағдайды жақсарту әлдеқайда жеңілдейді. Сондықтан бүгінгі экологиялық саясаттың негізгі бағыты – адамдардың мінез-құлқын өзгерту, табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру.

Қазалыдағы тазалық жұмыстары барысында көшелердегі бей-берекет өскен шөптердің шабылуы, қоқыстардың тазартылуы, бағаналардың сырлануы сияқты жұмыстардың жүргізілуі елді мекеннің сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, санитарлық қауіпсіздікке де оң әсер етеді. Жаз мезгілінде уақытылы шабылмаған шөп өрт қаупін күшейтсе, қоқыс қалдықтарының жиналуы түрлі жұқпалы аурулардың таралуына қолайлы орта қалыптастыруы мүмкін. Демек, тазалық – эстетика ғана емес, қоғамдық денсаулықтың да маңызды кепілі.

Бүгінде экологиялық мәдениет ұғымы тек көшені сыпырумен немесе ағаш отырғызумен шектелмейді. Ол қалдықтарды сұрыптау, табиғи ресурстарды үнемдеу, қоғамдық кеңістікті ұқыпты пайдалану және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау сияқты көптеген қағидаларды қамтиды. Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасының құндылығы – қоғамда осындай көзқарасты орнықтыруға ұмтылуында.

Әсіресе жастардың мұндай акцияларға белсенді қатысуының маңызы зор. Өйткені экологиялық мәдениет мектеп қабырғасынан, отбасы тәрбиесінен және қоғамдық белсенділіктен қалыптасады. Бүгін сенбілікке қатысқан жас ертең өз ортасына тазалықтың үлгісін көрсететін азаматқа айналады. Бұл – ұзақ мерзімді нәтиже беретін тәрбиелік жұмыс.

Дегенмен экологиялық мәдениетті қалыптастыру тек сенбіліктермен шектелмеуі тиіс. Тұрақты тазалық үшін заманауи қоқыс инфрақұрылымы, қалдықтарды тиімді басқару жүйесі, тұрғындардың экологиялық сауаттылығы және қоғамдық бақылау қатар дамуы қажет. Сонда ғана тазалық акциялары нақты нәтижеге қол жеткізеді.

Қорыта айтқанда, Қазалы ауданында ұйымдастырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы – елді мекендерді абаттандыруға бағытталған кезекті шара ғана емес. Бұл – қоғамның қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертуді көздейтін маңызды бастама. Таза көше, көрікті ауыл немесе абаттандырылған аудан ең алдымен сол жерде тұратын халықтың мәдениеті мен жауапкершілігін көрсетеді. Сондықтан тазалықты сақтау – бір күндік міндет емес, әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналғанда ғана «Таза Қазақстан» идеясы өзінің шынайы мақсатына жетеді.

БӨЛІСУ