Ағымдағы жылдың 21 сәуір күні Астана қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі С. Жумангарин және Моңғолия Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, Моңғолияның Экономика және даму министрі Ж. Энхбаярдың қатысуымен «Қазақстан–Моңғолия» бизнес-форумы өткізілді.

Аталған іс-шара Моңғолия Президенті У. Хурэлсүхтің ресми сапары аясында ұйымдастырылды. Форумға моңғолиялық және отандық кәсіпкерлер, оның ішінде жүн мен тері өңдеу саласының өкілдері қатысты.

Бизнес-форум аясында өңірдің инвестициялық және агроөнеркәсіптік әлеуеті баяндалды.

Қызылорда облысы мал шаруашылығы дамыған өңірлердің бірі болып табылады. Өңірде мал басының тұрақты өсуі және ет, сүт өнімдері өндірісінің артуы байқалады.

Өңірдің жүн және тері бағытындағы зор шикізаттық әлеуетін ескере отырып, аталған салада терең өңдеу өндірістерін кеңейтуге кең мүмкіндіктер бар.

Қазіргі таңда облыста бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Арал ауданында «Qazaq Camel» ЖШС тарапынан түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру жобасы іске асырылуда.

Жобаның құны 3 млрд теңгені құрайды, жылдық қуаттылығы 392 тонна. Өнімді Қытай нарығына экспорттау бойынша 10 жылдық оффтейк-келісім жасалған.

Сонымен қатар, Арал ауданында «Тоғыс-Аралотын» ЖШС жүн мен теріні өңдеу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Қазіргі таңда өндірісті іске қосу үшін қажетті жабдықтар жеткізілуде.

Бұдан бөлек, өңірде құны 7,5 млрд теңгені құрайтын 700 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде.

Форум барысында тараптар жүн және тері өңдеу саласында ынтымақтастықты дамыту, озық технологиялар енгізу және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.

Жалпы, аталған бизнес-форум Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және бірлескен жобаларды іске асыруға жаңа серпін береді.

БӨЛІСУ