Киелі орындар жаңарып, тал егу жұмыстары жүргізілді.

Қызылорда облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында «Тағзым орны таза болсын, рух пен тазалық – егіз ұғым» атты жалпыхалықтық тазалық акциясы өтті. Игі шараның басты мақсаты – киелі орындардың тазалығын сақтау, тарихи мұраға құрметті арттыру және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов Хон Бом До мемориалдық кешені, Ге Бон У мемориалдық кешені және Бауырластар зиратында өткен тазалық жұмыстарына қатысты. Бұл аумақтарда қоғамдық даму басқармасына қарасты орталықтар, этномәдени бірлестіктер өкілдері бірлесіп, тазалық және абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Шараға этнос жастары белсене қатысып, туған жерге деген жанашырлық пен азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсетті. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының ардагерлері де бастамаға қолдау білдіріп, көпшілікпен бірге тазалық жұмыстарына атсалысты. Бұл – ұрпақтар сабақтастығы мен қоғамдық келісімнің айқын көрінісі.

Акцияның маңыздылығы – тек қоршаған ортаны тазарту емес, сонымен бірге рухани құндылықтарды жаңғыртуда. Киелі орындардың күтімі – өткенге құрмет, келер ұрпаққа аманат екені тағы бір мәрте айқындалды.

Тазалық жұмыстары мемориалдық кешендер аумағында тал егу шарасымен жалғасып, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға және жасыл желекті көбейтуге бағытталды. Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

БӨЛІСУ