Бүгін Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында Нартай Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрының «Болмаған балалық шақ» атты тағылымы мол қойылымы сахналанды. Жазушы Ақберген Елгезектің тағылымды туындысын қазалылық көрермен жылы қабылдап, өнер ұжымының шеберлігіне зор ризашылығын білдірді.

Қойылым кешінде аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов сөз сөйлеп, театр ұжымына аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың ыстық ықыласы мен алғысын жеткізді.

– Ежелден өнер қонған, ән мен жырмен тербелген, тарихы тағылымға толы Қазыналы Қазалы жеріне қош келдіңіздер!
Бүгін сіздердің ауданымызға арнайы гастрольдік сапармен келіп, көрермен назарына «Болмаған балалық шақ» атты тағылымы терең қойылымды ұсынуларыңыз – біздің өңіріміз үшін үлкен рухани олжа, мәдени өміріміздегі айтулы оқиға. Сахна төрінде адам жанының нәзік иірімдерін бейнелейтін, жүрекке жол табатын осындай туындылар көрерменді ойландырып қана қоймай, қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамауға үндейтіні анық.
Бүгін ұсынылып отырған «Болмаған балалық шақ» атты қойылым – тағдыр мен тағылым, өмір мен үміт жайлы терең ой қозғайтын туынды. Мұндай шығармалар жас ұрпақтың тәрбиесіне оң ықпал етіп, адамгершілік құндылықтарды насихаттауда ерекше маңызға ие. Сіздердің осы бағыттағы еңбектеріңіз – ел руханиятына қосылған зор үлес деп білеміз. Нартай Бекежанов атындағы театр – Сыр өңірінің ғана емес, бүкіл қазақ өнерінің мақтанышы. Осы киелі сахнаның абыройын асқақтатып жүрген сіздерге алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта да ұлттық өнерімізді ұлықтап, көрермендеріңізді мазмұнды, тағылымды қойылымдармен қуанта бересіздер деп сенеміз. Қазалы жұртшылығының ықыласы әрдайым сіздермен бірге – деді, Дәурен Оңғарбайұлы.

Қойылымда тағдыр тауқыметін ерте тартқан баланың мұңы мен жан жарасы, балалық шақтың ауыр көріністері шынайы бейнеленді. Шығарма арқылы жиылған көрермен өмірдің қиындығына мойымай, үміт пен сенімнің құндылығын ұғынды. Терең психологиялық иірімдерге құрылған қойылым адам жанының нәзік болмысын әсерлі жеткізіп, көпшілікті тебірентті.

Қойылым соңында Нартай Бекежанов атындағы облыстық академиялық музыкалық драма театрының өнерпаздары қазалылық көрермендердің ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленді.

БӨЛІСУ