Биыл Жаңақорған ауданында жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылып, елді мекендердің ішкі жолдарының сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Осы мақсатта аудан әкімі Мажит Самитов Жаңақорған кентіндегі бірқатар көшелерде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысын арнайы барып көрді.
Атап айтқанда, А.Иманов пен А.Мұхамеджанұлы көшелеріндегі күрделі жөндеу, сондай-ақ Ш.Мұсахметов және Ж.Құлымбетов көшелеріндегі жол жабынын жаңарту жұмыстары бақылауға алынды. Қазіргі таңда аталған учаскелерде құрылыс жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Тексеру барысында аудан басшысы мердігер мекеме өкілдеріне жол сапасын басты назарда ұстауды, құрылыс талаптарын қатаң сақтауды және жұмыстарды уақытылы аяқтауды міндеттеді. Сонымен қатар, жауапты сала басшыларына күнделікті бақылауды күшейтіп, жұмыстың сапасы мен мерзіміне ерекше жауапкершілікпен қарау керектігін тапсырды.
Жол құрылысы – тұрғындардың күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды сала. Осыған байланысты аудандағы барлық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, халық игілігіне қызмет ететін болады.
