Бүгін Байқоңыр қаласы тағы бір ірі спорттық шараның орталығына айналды. Мұнда жасөспірімдер арасында таеквондодан республикалық турнир бастау алып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас спортшылар бір алаңға жиналды.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан “AMANAT” партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай жас спортшыларға сәттілік тілеп, партия тарапынан спортқа көрсетіліп жатқан қолдаудың маңызын ерекше атап өтті.
“Бүгінде “AMANAT” партиясы жастарды қолдау, бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Байқоңыр қаласындағы бұл турнир – сол бастамалардың нақты көрінісі. Жастардың спортқа бет бұруы – ұлт болашағына салынған инвестиция. Таеквондо тек күш пен жылдамдықты ғана емес, тәртіп пен төзімділікті талап етеді. Осындай жарыстар жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, өзіне деген сенімін арттырады. Біз алдағы уақытта да жастарды қолдауға бағытталған жобаларды жалғастыра береміз”, – деді Жандос Базартай.
Ауқымды додаға 500-ге жуық спортшы қатысуда. Ашылу салтанатында командалар таныстырылып, спортшылардың шеберлігін паш еткен көрсетілімдік спаррингтер көрермендерге ұсынылды.
Көрсетілімдік жекпе-жек қорытындысы бойынша жеңімпаздар медальдар мен арнайы кубокпен марапатталып, ерекше құрметке ие болды.
Сонымен қатар, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан бірқатар азаматтар “AMANAT” партиясы Қызылорда облыстық филиалының “Алғыс” хаттарымен және турнирдің естелік медальдарымен марапатталды.
Байқоңырдағы бұл турнир – тек жеңіс үшін тартыс емес, жас спортшылардың тәжірибе жинақтап, өз мүмкіндігін сынайтын маңызды алаңы. Мұндай бастамалар болашақ чемпиондардың қалыптасуына берік негіз қалайды.
“AMANAT” партиясы алдағы уақытта да жастардың әлеуетін арттыруға, спортты дамытуға және қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жобаларды жүйелі түрде жалғастыра бермек.
