БІР АПТАДА 5000 ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛДЫ

Қызылордада бір аптада 5 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды: мас жүргізушілер мен «түнгі жарыс» полиция назарында.

Қызылордада бір апта ішінде полиция рейді кезінде 5 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Оның ішінде жолдағы қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіретін фактілер аз емес.
Рейд барысында көлік жүргізіп келе жатып ұялы телефон пайдаланған 1069 жүргізуші анықталды. Мас күйінде рөлге отырған 26 адам ұсталды. Ал жолаушы мен жүк тасымалдау талаптарын, қауіпсіздік белдігі мен мотошлемді пайдалану тәртібін бұзудың 1620 дерегі тіркелді.
Қарсы бағытқа шығып кету немесе басып озу қағидаларын бұзған 18 жүргізуші де жауапкершілікке тартылды.
Полицияның бақылауында әсіресе түнгі уақытта қала көшелерінде жоғары жылдамдықпен жүріп, өзгенің өмірін қатерге тігетін жүргізушілер тұр. Құқық бұзушылықтарды анықтауда бейнебақылау жүйелері мен заманауи цифрлық технологиялар белсенді қолданылуда.
Рейдтің мақсаты – айыппұл жинау емес, жолдағы немқұрайлылықтың соңы қайғылы жағдайға ұласпауын қамтамасыз ету.
Түнгі қала – жарыс алаңы емес. Біреудің асығыстығы өзгенің өмірін қиюы мүмкін. Жолдағы тәртіп – таңдау емес, міндет.

БӨЛІСУ