151,5 млн теңге салынған мал шаруашылығы жобасы: 60 млн теңге жымқырған күдікті қамалды.
Қызылорда облысында мал шаруашылығын дамытуға бағытталған 151,5 млн теңгелік инвестициялық жобаға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. ҚМА департаменті жобаның бір бөлігі бойынша қаражатты заңсыз шығару схемасы ұйымдастырылғанын анықтаған.
Қаржы мониторингі агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті 2021 жылы іске қосылған «Сыздық Ата» ЖШС бірлескен кәсіпорнына қатысты тергеуді аяқтады.
Жобаның жалпы құны 311 млн теңге болған. Оның ішінде «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ серіктестіктің жарғылық капиталына 151,5 млн теңге салған.
Бұл қаражатқа 1600 бас қой, 130 бас ірі қара және ет өнімдерін қаптауға арналған жабдық сатып алынуы тиіс болған. Жобаның мақсаты – ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту және Жаңақорған ауданы тұрғындарын қолжетімді бағамен сапалы етпен қамтамасыз ету.
Алайда тергеу нұсқасына сәйкес, мал сатып алынғаннан кейін серіктестік басшысы инвестициялық қаражаттың бір бөлігін басқа арнаға шығарған.
Нәтижесінде 60 млн теңге күдіктінің бақылауындағы «Нұрай» және «Абылайхан» жеке кәсіпкерліктерінің шоттарына заңсыз аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылғаны анықталып отыр.
Осы іс бойынша күдікті қамалды. Сот санкциясымен оған тиесілі екі автокөлікке тыйым салынған.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.