Сырдария ауданының Тереңөзек кентіндегі №155 сайлау учаскесіне 105 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров келіп, өз таңдауын жасады.
Ғасырдан асқан ғұмырында талай тарихи кезеңді өткерген майдангер елдің ертеңіне бейжай қарамай, маңызды саяси науқанға қатысып, азаматтық белсенділіктің үлгісін көрсетті.
Бүгінде Яхия Тасыров — Қызылорда облысындағы Ұлы Отан соғысының жалғыз ардагері. Ғасырлық ғұмыры — тұтас бір дәуірдің шежіресі. Бейбіт күннің қадірін терең түсінетін ардагердің өмір жолы мен өнегесі кейінгі ұрпақ үшін қашанда қымбат. 
Қарт майдангер елдің тұрақтылығы мен болашағы үшін әр азаматтың өз таңдауын жасауы маңызды екенін атап өтті.
«Еліміздің ертеңі жарқын болуы үшін әркім өз таңдауын жасауы керек. Бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын», – дейді Яхия Тасыров.
105 жасында сайлау учаскесіне келіп, азаматтық ұстанымын білдірген ардагердің бұл қадамы — кейінгі буынға тағылым боларлық өнеге.
Қарты бар ел — қазыналы ел. Ғасыр жасаған майдангердің ел болашағына деген жанашырлығы да осының айғағы.