СПОРТ АЛАҢЫ – ЖАСТАР БЕЛСЕНДІЛІГІНІҢ БЕЛГІСІ

Қазалы қаласында жаңа спорт алаңының пайдалануға берілуі – тұрғындар үшін тағы бір спорт нысанының ашылуы ғана емес, жастардың туған жерге деген жанашырлығы мен қоғамдық іске белсенді араласуының нақты көрінісі. Қала жастарының бастамасымен жүзеге асқан бұл жоба бұқаралық спортты дамытуға қатысты мемлекеттік саясат пен жергілікті қоғамның ортақ мүддесі тоғысқанда нақты нәтижеге қол жеткізуге болатынын көрсетіп отыр. Жаңа спорт алаңының ашылу салтанатына аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, тұрғындар мен спортсүйер қауымды игі бастамамен құттықтады. Аудан әкімі өз сөзінде бұқаралық спортты дамыту мен жастарды салауатты өмір салтына баулудың маңызын атап өтіп, туған жердің дамуына үлес қосуға ұмтылған Қазалы азаматтарына ризашылығын білдірді. Расында, спорт инфрақұрылымын дамыту мәселесін тек кәсіби спортшыларға жағдай жасау шеңберінде қарастыру жеткіліксіз. Оның басты міндеттерінің бірі – балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, оларды қозғалысқа, тәртіпке және командалық мәдениетке баулу. Қолжетімді спорт алаңының болуы жасөспірімнің ауладан спорт алаңына бет бұруына мүмкіндік береді. Ал спортпен тұрақты айналысқан жас өзінің денсаулығына ғана емес, уақытын тиімді пайдалануына да жауапкершілікпен қарай бастайды. Сондықтан кез келген елді мекендегі спорт нысанының әлеуметтік маңызы оның көлемімен немесе құнымен емес, халықтың оны қаншалықты пайдалана алатынымен өлшенеді. Қазалыда бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып келе жатқаны байқалады. Биыл аудан аумағында Президенттің, Үкіметтің және облыс әкімдігінің қолдауымен «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Бекарыстан би ауылында жаңа спорт кешені іске қосылды. Бұған қоса Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылында заманауи спорт кешендері ел игілігіне беріліп, маусым айында аудан орталығында екі спорт алаңы ашылды. Енді Қазалы қаласындағы жастар бастамасымен салынған жаңа нысан осы жұмыстардың жалғасына айналып отыр. Мұның өзі спорт инфрақұрылымын дамыту бір реттік науқан емес, ұзақ мерзімді бағыт ретінде қарастырылып отырғанын аңғартады. Дегенмен бұл жерде назар аударатын маңызды мәселе – жаңа нысанның кімнің бастамасымен бой көтергені. Қала жастарының өздері ұйымдасып, спорт алаңын салуға атсалысуы қоғамдық жауапкершіліктің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Мемлекет тарапынан жағдай жасау маңызды болса, сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өз ортасына пайдалы бастаманы қолға алу – азаматтық белсенділіктің көрінісі. Мұндай мысалдар жастардың тек мемлекеттік қолдауды күтпей, өздері де қоғамдық ортаға өзгеріс енгізе алатынын дәлелдейді. Спорт алаңының ашылуында бірқатар азаматтардың аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталуы да осы ортақ еңбектің бағаланғанын көрсетті. Ал Мәлік Тілеп ақсақалдың ақ батасын беруі – жаңа нысанның тәрбиелік мәнін де айқындай түсті. Қазақ қоғамында үлкеннің батасын алу – игі істің берекесін тілеумен қатар, кейінгі ұрпаққа жауапкершілік жүктеудің дәстүрлі жолы. Яғни бұл жерде заманауи спорт инфрақұрылымы мен ұлттық құндылықтар өзара сабақтасып отыр. Жаңа алаңның ашылу салтанатының шағын футболдан жастар турниріне ұласуы да символдық мәнге ие. Себебі спорт нысанының шынайы тиімділігі оның ашылу рәсімімен емес, кейінгі күндері қаншалықты пайдаланылатынымен анықталады. Алаңда жастардың доп теуіп, жарысып, бос уақытын тиімді өткізуі – осы жобаның негізгі нәтижесі. Бұған дейін Қазалы қаласында жастардың ұйымдастыруымен тағы бір спорт алаңының жөнделіп, қайта жаңғыртылуы да жастардың мұндай бастамаларға қызығушылығы артып келе жатқанын байқатады. Бір нысанды жаңарту – жеке бастама болуы мүмкін, ал мұндай жобалардың бірінен соң бірі жүзеге асуы қоғамдық қажеттіліктің бар екенін көрсетеді. Ендігі міндет – ашылған спорт алаңдарын тұрақты пайдалану, олардың тазалығы мен қауіпсіздігін сақтау, балалар мен жастарға қолжетімділігін қамтамасыз ету. Өйткені кез келген инфрақұрылымның ғұмыры оны пайдаланушылардың мәдениетіне де байланысты. Спорт алаңын салу – істің бір бөлігі, оны күтіп ұстау мен қадірлеу – тұрғындардың ортақ міндеті. Бүгінде жастардың спортқа қызығушылығын арттыру тек денсаулық мәселесі емес, әлеуметтік тұрғыдан да маңызды. Спортпен айналысатын ортада тәртіп, өзара құрмет, бәсекелестік мәдениеті қалыптасады. Жастардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне мүмкіндік көбейген сайын олардың қоғамға пайдалы іске араласу мүмкіндігі де арта түседі. Сондықтан Қазалыдағы жаңа спорт алаңы – темір мен бетоннан тұрғызылған нысан ғана емес, жастардың белсенді өмір салтына жасалған мүмкіндік. Ең бастысы, бұл алаңның негізінде жастардың өз бастамасы жатыр. Ал туған жердің дамуына осылайша үлес қосатын белсенді буын қалыптасса, мұндай игі істердің жалғасы да болары сөзсіз. Қазалыдағы жаңа спорт алаңы – бұқаралық спорттың дамуы мен жастар белсенділігінің тоғысқан нүктесі. Мұндай бастамалар көбейген сайын салауатты ұрпақ тәрбиелеу, қоғамдық жауапкершілікті арттыру және туған жерге деген сүйіспеншілікті нақты іспен көрсету мүмкіндігі де кеңейе береді.

БӨЛІСУ