АУДАН ӘКІМІ КӨПІР ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ БАРЫСЫН БАҚЫЛАДЫ

Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимов «Қызылорда–Жалағаш» облыстық маңызы бар автомобиль жолының 70,05-шақырымында орналасқан «Қашыртқы» каналы арқылы өтетін көпірде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Қазіргі уақытта нысандағы құрылыс жұмыстарының 75 пайызы орындалған. Келісімшарт талаптарына сәйкес көпір құрылысын қыркүйек айында аяқтау жоспарланған. Алайда аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес құрылыс жұмыстарының қарқыны күшейтіліп, нысанды мерзімінен бұрын, яғни тамыз айында пайдалануға беру көзделуде.

Нысанды аралау барысында аудан әкімі құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударып, белгіленген талаптардың сақталуын және жұмыстардың тиісті деңгейде ұйымдастырылуын тапсырды.

– Құрылыс жұмыстары сапалы орындалуы тиіс. Жұмыс қарқынын арттырып, нысанды мерзімінен бұрын аяқтап, ел игілігіне беруіміз қажет. Сонымен қатар уақытша айналма жолдың жағдайы тұрақты бақылауда болуы керек. Жолға күнделікті су себіліп, тегістеу жұмыстары уақытылы жүргізілсін. Айналма жол уақытша болғанымен, жүргізушілерге қолайсыздық тудырмауы тиіс, – деді аудан әкімі Ардақ Ибраимов.

Сондай-ақ аудан басшысы жауапты сала жетекшілері мен мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс қарқынын арттыру, уақытша айналма жолды талапқа сай күтіп ұстау және көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасау бағытында нақты міндеттер жүктеді.

Қазіргі таңда аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес уақытша айналма жолды тегістеу және оған су себу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

БӨЛІСУ