ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫ ЖҮЙЕЛІ ДАМУДА

Қызылорда облысында халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Денсаулық сақтау саласына енгізілген жаңа технологиялар, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасының нығаюы және инфрақұрылымның жаңғыртылуы өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Жыл басынан бері облыста бірқатар негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер жақсарған. Атап айтқанда, туберкулезбен сырқаттанушылық 10,5 пайызға төмендесе, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 7,5 пайызға, ал жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім 13,9 пайызға азайды.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысы Алмас Әбілпатта мәлімдеді.

Өңірдегі медициналық ұйымдардың жұмыс көлемі де жоғары. Күн сайын облыс емханаларына шамамен 27 мың тұрғын жүгінеді. Жедел медициналық жәрдем қызметі тәулігіне орта есеппен 1400 шақыртуға шығады. Ал стационарларда күн сайын 100-ден астам түрлі хирургиялық ота жасалып, олардың қатарында республикалық деңгейде орындалатын күрделі операциялар да бар.

– Биылғы алты айда өңірде 56 жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіліп, медициналық тәжірибеге төрт жаңа ота түрі енгізілді. Сонымен қатар, 84 аритмологиялық операция және 228 буын эндопротездеу отасы сәтті орындалды. Онкологиялық науқастарды емдеуде халықаралық стандарттарға сай жоғары технологиялық хирургиялық әдістер кеңінен қолданылуда, – деді басқарма басшысы.

Медициналық авиация қызметі де шалғай елді мекендердегі және ауыр жағдайдағы науқастарға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік беруде. Жылдың алғашқы алты айында медициналық авиация арқылы 336 шақырту орындалып, 99 шұғыл операция жасалды. Сондай-ақ 144 науқас облыстық мамандандырылған медициналық орталықтарға жеткізілді.

Ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында өңірде алты жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетуде. Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен заманауи жылжымалы медициналық кешен іске қосылып, шалғай елді мекен тұрғындарына онкологиялық скринингтік тексерулер жүргізілуде. Биыл аталған кешен арқылы 2 мыңнан астам тұрғын медициналық тексеруден өтті.

Денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 28 медициналық нысан пайдалануға берілді. Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы ауруханалар жаңартылып, заманауи медициналық жабдықтармен, соның ішінде МРТ аппараттарымен кезең-кезеңімен қамтамасыз етілуде.

Облыс орталығында 300 орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы аяқталуға жақын. Алдағы уақытта жаңа перинаталдық орталық пен бірнеше емхананың құрылысы басталмақ.

Цифрлық медицинаны дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда өңірдегі барлық медициналық ұйым заманауи ақпараттық жүйелермен қамтылған. Сонымен қатар, жасанды интеллект технологияларын пайдалану арқылы онкологиялық ауруларды ерте анықтауға бағытталған жаңа жүйелер енгізілуде.

Соңғы үш жылда облыстағы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы едәуір күшейтілді. Компьютерлік томограф, МРТ, ангиограф және өзге де жоғары технологиялық медициналық құрылғылар сатып алынды. Нәтижесінде медициналық техникалармен жарақтандыру деңгейі 90,2 пайызға жетті.

Жаңа медициналық нысандардың салынуы, заманауи технологиялардың енгізілуі, медициналық жабдықтардың жаңартылуы және білікті мамандар даярлау бағытындағы жұмыстар Сыр өңіріндегі денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін арттыра түсуде. Бұл бастамалар тұрғындарға сапалы, қолжетімді әрі заманауи медициналық көмек көрсетуге жол ашып отыр.

БӨЛІСУ