Аралдың шалғай ауылдарындағы үш мектеп жасанды интеллект жобасына қосылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан мектептерінде жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын кезең-кезеңімен енгізу жұмыстары басталды. Осы мақсатта мамыр айында тиісті жарлыққа қол қойылып, білім беру жүйесін цифрлық тұрғыдан жаңғыртуға бағытталған нақты міндеттер айқындалды.
Құжатқа сәйкес, 2026–2029 жылдарға арналған кешенді жоспар жүзеге асырылады. Оның аясында еліміздегі мектептер жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етіліп, білім беру процесінде жасанды интеллектіні қолданудың бірыңғай стандарттары енгізіледі. Сонымен қатар педагогтердің цифрлық құзыретін арттыруға арналған арнайы оқыту бағдарламалары іске қосылады. Жобаның негізгі мақсаты – қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасы алшақтығын азайтып, барлық оқушыға тең мүмкіндік қалыптастыру.
Жобаны жүзеге асыру аясындағы пилоттық кезең 2026 жылдың жазына дейін басталып, қыркүйек айына дейін жасанды интеллектіні білім беру процесінде қолданудың ұлттық стандарттары бекітіледі.
Қуантатыны – бұл пилоттық жобаға Қызылорда облысы, Арал ауданының шалғай елді мекендеріндегі үш білім ордасы енгізілді. Олар – Ақбасты, Көктем және Мергенсай ауылдарының мектептері.
Бұл – шалғай ауылдардың білім беру жүйесі үшін үлкен мүмкіндік. Жоғары жылдамдықтағы интернеттің қолжетімді болуы, заманауи цифрлық құралдардың енгізілуі және мұғалімдердің жаңа технологияларды меңгеруі ауыл оқушыларының білім сапасын арттыруға ықпал етеді. Ең бастысы, ауыл балалары да жасанды интеллект мүмкіндіктерін еркін пайдаланып, заманауи білім беру ресурстарына қол жеткізе алады.
Бұл бастама – тек технологиялық жаңашылдық емес, өңірлер арасындағы білім беру теңсіздігін азайтуға бағытталған маңызды қадам. Аралдың шалғай ауылдарындағы мектептердің осы жобаға енуі ауылдағы білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге серпін берері сөзсіз.