Аудан әкімінің халықпен есепті кездесулері өңірдегі атқарылған жұмыстарды саралап қана қоймай, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдауға және алдағы міндеттерді айқындауға мүмкіндік береді. Осы мақсаттағы кездесулер Бұқарбай батыр, Таң және Ақсу ауылдық округтерінде жалғасып, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысы кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында аудан әкімі Ардақ Ибраимов 2026 жылдың алғашқы алты айында атқарылған жұмыстардың қорытындысын таныстырып, алдағы кезеңге жоспарланған жобаларға тоқталды. Әсіресе тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамалар мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына ерекше назар аударылды.
Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, Үкімет пен облыс әкімдігінің қолдауымен аудан көлемінде ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру, газдандыру, инженерлік желілерді жаңарту және елді мекендерді абаттандыру жұмыстары бар. Бұл жобалар ауыл тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Бұқарбай батыр ауылында соңғы жылдары жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Бұған дейін 11 көшеге асфальт төселіп, тұрғындардың қатынасын жеңілдетуге мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар ауылды көркейту, көгалдандыру, көшелерді жарықтандыру және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл шаралар ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етуде.
Таң ауылдық округінде де жүйелі жұмыстар қолға алынған. Әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Ауылдың көркін арттыруға бағытталған бастамаларға жергілікті кәсіпорындардың да үлес қосуы қуантады. Соның ішінде «Таң ЛТД» серіктестігінің демеушілігімен жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстары әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын үлгісі ретінде бағалануда.
Ақсу ауылында биыл жол сапасын жақсартуға басымдық берілген. Қазіргі таңда М.Әуезов, Т.Қожақұлов және Ақбөгет көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары басталып, толық асфальт төсеу жоспарланған. Сонымен қатар тағы үш көшеге күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, тиісті қолдау алу бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Ауылдағы электр желілерін жаңарту арқылы тұрғындарды сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге жағдай жасалуда. Бұл жұмыстар елді мекендердің тұрақты дамуына және халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Кездесу барысында тұрғындар аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, өзекті мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Өз кезегінде аудан әкімі көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынатынын және халық сұранысына сәйкес жаңа жобалар кезең-кезеңімен іске асырылатынын атап өтті.
Жалпы, халықпен ашық форматта өткен кездесулер жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы байланысты нығайтып, елді мекендердің дамуына қатысты өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге жол ашуда. Бұл өз кезегінде ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға қызмет етеді.