Аудан әкімінің халық алдындағы есеп беру кездесулері жергілікті тұрғындарды толғандырған мәселелерді талқылап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысын саралаудың маңызды алаңына айналып келеді. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстар жөніндегі аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың есепті кездесуі Жаңадария ауылынан бастау алып, Аламесек, Еңбек және Аққұм ауылдық округтерінде жалғасты.
Кездесулер барысында аудан басшысы аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар, әлеуметтік нысандардың құрылысы, коммуналдық жүйелерді жаңғырту және елді мекендерді абаттандыру бағытындағы жұмыстарға кеңінен тоқталды. Сонымен қатар алдағы кезеңде жүзеге асырылатын жобалар таныстырылып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Жаңадария ауылдық округінде биыл екі көшеге асфальт төсеу жұмыстары жоспарланған. Бұл тұрғындардың ұзақ уақыттан бері көтеріп келе жатқан мәселелерінің бірі болатын. Жол сапасының жақсаруы ауылішілік қатынасты жеңілдетіп қана қоймай, тұрғындардың тұрмыс сапасына оң әсер етпек.
Аламесек ауылдық округіне қарасты Есет батыр елді мекенінде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бағытында маңызды жұмыстар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, тұрғын үй секторын сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында жаңа электр желілерінің құрылысы жүргізілді. Сонымен қатар ауыз су жүйесін жаңғырту және кеңейту жұмыстары қолға алынған. Бұл жобалар ауыл халқының өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады.
Еңбек ауылдық округінде де бірқатар оң өзгерістер байқалады. Мұнда абаттандыру шаралары жүргізіліп, инфрақұрылымдық нысандар кезең-кезеңімен жаңартылуда. Әсіресе электр желілерін жаңарту мен кеңейту жұмыстарының жалғасуы тұрғындарды тұрақты әрі сапалы электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ал Аққұм ауылында қауіпсіздік пен жайлы орта қалыптастыруға басымдық берілген. Түнгі жарықтандыру жүйесі заманауи LED шамдармен жаңартылып, істен шыққан бейнебақылау камералары қайта қалпына келтірілді. Бұл жұмыстар қоғамдық қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, ауылдың сәулеттік келбетін жақсартуға да ықпал етеді.
Есепті кездесулердің басты ерекшелігі – билік пен халық арасындағы ашық диалог. Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді тікелей көтеріп, аудан басшысынан нақты жауап алды. Өз кезегінде аудан әкімі көтерілген ұсыныстар мен мәселелердің назардан тыс қалмайтынын айтып, оларды кезең-кезеңімен шешу бойынша жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Жиын соңында тұрғындар ауылдық округтерде атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, қолға алынған бастамалардың елді мекендердің дамуына серпін беретінін атап өтті. Бұл кездесулер жергілікті биліктің ашықтық қағидатын ұстанып, халықпен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп отырғанының айқын көрінісі болды.