«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ШИЕЛІДЕ АБАТТАНДЫРУ МЕН ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖАЛҒАСУДА

Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Шиелі ауданында санитарлық тазалықты сақтау, елді мекендерді көркейту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар аудан басшылығының тұрақты бақылауында.

Бүгін аудан әкімі Айтбай Жандарбеков жауапты сала басшыларымен бірге аудан орталығын аралап, абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын көзбен көріп, олардың орындалу барысын саралады.

Аралау барысында кент аумағындағы орталық көшелердің тазалығы, қоғамдық орындардың санитарлық жағдайы, кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбеті, гүлзарлар мен демалыс аймақтарының күтімі жан-жақты қаралды. Сонымен қатар ирригациялық және аяқ су жүйелерінің қазіргі жай-күйі бағаланып, оларды тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.

Аудан басшысы көшелер мен қоғамдық орындардың тазалығы тек көркемдік мақсат қана емес, тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор екенін атап өтті. Осыған байланысты жол бойындағы ретсіз қоқыс орындарын жою, көшелердің бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру және қоғамдық кеңістіктердің эстетикалық тартымдылығын арттыру бағытындағы жұмыстарды жандандыру тапсырылды.

Бүгінде аудан көлемінде көшелерді тазалау, ағаштар мен жасыл желектерді күтіп-баптау, гүл егу, саябақтар мен скверлерді ретке келтіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Мұндай шаралар ауданның көркін келтіріп қана қоймай, тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Айтбай Жандарбеков көркейту және көгалдандыру жұмыстарының сапасы ерекше назарда болуы қажеттігін айтып, жауапты мекемелерге белгіленген жоспарлардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар тазалық жұмыстарын маусымдық науқан ретінде емес, күнделікті жүйелі жұмыс ретінде ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталды.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Аудан әкімі қоршаған ортаның тазалығын сақтау тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігі екенін атап өтті. Осы ретте халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, жастарды табиғатты қорғауға және туған жерге жанашырлықпен қарауға тәрбиелеу қажеттігін жеткізді.

– Тазалық пен тәртіп – баршаға ортақ міндет. Әрбір тұрғын өзі тұратын аумақтың тазалығына жауапкершілікпен қарап, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосуы тиіс. Туған жердің көркеюі мен дамуы – ортақ еңбектің нәтижесі, – деді аудан басшысы.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, ауданның санитарлық жағдайын жақсарту, жасыл аймақтарды көбейту және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру бағытында нақты шаралар жүзеге асырыла бермек.

БӨЛІСУ