23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай аудан әкімдігінің мәжіліс залында салтанатты қабылдау ұйымдастырылып, мемлекеттік қызмет саласында абыройлы еңбек етіп жүрген мамандарға құрмет көрсетілді. Мерекелік шараға аудан әкімі Жандос Еркінбек қатысып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Жиында сөз сөйлеген аудан басшысы мемлекеттік қызметшілердің ел дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыру жолындағы еңбегіне жоғары баға берді.
– Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды сала. Сіздер мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайтып, ел сенімін ақтау жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Бүгінгі мереке – осы еңбектеріңізге деген ерекше құрметтің белгісі. Ауданымызда жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік-экономикалық жобалардың табысты орындалуына сіздердің кәсібиліктеріңіз бен жауапкершіліктеріңіздің үлесі зор. Сондықтан баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деді аудан әкімі.
Қазіргі таңда ауданда 150-ге жуық мемлекеттік қызметші түрлі салада жемісті еңбек етіп, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде. Олар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асуына өз үлестерін қосып келеді.
Салтанатты қабылдау барысында ауданның дамуына және мемлекеттік қызмет жүйесінің жетілдірілуіне елеулі үлес қосқан бірқатар қызметкер аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Марапат иелеріне ізгі тілектер айтылып, олардың адал еңбегі мен кәсіби біліктілігі ерекше атап өтілді.
Мерекелік жиында аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков және аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов сөз алып, мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекемен құттықтады. Олар мемлекеттік қызметтің қоғамдағы маңызына тоқталып, халыққа адал қызмет етудің мәні мен жауапкершілігін атап өтті.
Шара соңында аудан әкімі Жандос Еркінбек мемлекеттік қызметтің беделі мен сенімі оны атқарып жүрген азаматтардың еңбегі арқылы қалыптасатынын айтып, әр қызметкерді ел игілігі жолындағы жұмысты абыроймен жалғастыруға шақырды.
– Мемлекеттік қызметтің беделі – сіздер арқылы қалыптасады. Сондықтан ел сенімін ақтап, халыққа адал қызмет ету – бәріміздің ортақ міндетіміз. Осы жолдағы еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін, – деп аудан басшысы жиынды қорытындылады.
Мерекелік қабылдау жылы атмосферада өтіп, мемлекеттік қызметшілерге көрсетілген құрмет пен ізгі лебіздер олардың алдағы жұмыстарына серпін берді.