Аудан аумағындағы газ толтыру бекеттерінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мақсатында аудан әкімінің орынбасары Арман Дүйсенбаев тиісті сала басшыларымен бірге бірқатар нысандарды аралап шықты.
Жұмыс сапары барысында газ толтыру бекеттерінің техникалық жағдайы, өндірістік қауіпсіздік талаптарының орындалуы, өртке қарсы қорғаныс жүйелерінің әзірлігі және қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі қағидаларын сақтау деңгейі зерделенді. Сонымен қатар, бекеттердің санитарлық тазалығы, тұтынушыларға қызмет көрсету мәдениеті және нысандардың үздіксіз жұмыс істеу мүмкіндіктері де назардан тыс қалған жоқ.
Аудан әкімінің орынбасары қауіпсіздік талаптарын сақтау – тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі екенін атап өтіп, жауапты тұлғаларға анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды тапсырды. Сондай-ақ, төтенше жағдайлардың алдын алу, техникалық құрал-жабдықтарды уақытылы тексеруден өткізу және қауіпсіздік шараларын күшейту бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Өз кезегінде мекеме басшылары мен жауапты мамандар нысандарда қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз ету, қызмет көрсету сапасын жақсарту және тұрғындарды үздіксіз газбен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Мұндай бақылау шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасып, аудан тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлы тұрмысын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады.