Ауданда кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кезекті рейдтік іс-шара ұйымдастырылды.
19 маусым күні кешкі сағат 22:00-ден 00:00-ге дейін аудан әкімдігі аппаратының қызметкерлері, аудандық прокуратура, аудандық полиция бөлімі, білім беру ұйымдарының басшылары мен қызметкерлері бірлесіп рейд жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында аудан орталығындағы сауда орындары, ойын-сауық нысандары мен жастар көп жиналатын қоғамдық демалыс орындары қамтылды. Рейдтің негізгі мақсаты – жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүру фактілерін анықтау, кәсіпкерлер арасында заң талаптарын түсіндіру және құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Рейд барысында кәсіпкерлік нысандарының иелеріне санитарлық тазалық талаптарын сақтау, кәмелетке толмағандарға қатысты заңнама талаптарын орындау, сондай-ақ алкогольдік өнімдерді сатуға қойылатын шектеулер жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандар тарапынан заң талаптарын бұзудың салдары кеңінен түсіндіріліп, жауапкершілік шаралары ескертілді.
Сонымен қатар, қоғамдық орындарда жүрген жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгімелер өткізілді. Түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген кәмелетке толмағандарға қоғамдық тәртіпті сақтау, қауіпсіздік ережелерін сақтау және заң талаптарын орындау қажеттілігі түсіндірілді.
Рейд қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабының 1-бөлігіне сәйкес, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде түнгі уақытта болуы дерегі бойынша 6 әкімшілік хаттама толтырылды.
Сондай-ақ, сағат 23:00-ге дейін көшеде жүрген жасөспірімдермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында үйлеріне қайтарылды.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар аудан көлемінде тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мамандардың айтуынша, рейдтердің негізгі мақсаты – жазалау емес, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру. Қоғамдық тәртіп пен балалардың қауіпсіздігі – баршаға ортақ міндет. Сондықтан ата-аналарға балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың қайда жүргеніне тұрақты бақылау жасау қажеттігі ескертілуде.