«ЕЛ ІШІ – ӨНЕР КЕНІШІ»: ӨНЕР МЕН РУХАНИЯТ ТОҒЫСҚАН КЕШ

Қармақшы ауданында ұлттық өнер мен мәдениетті насихаттауға бағытталған игі бастамалар жалғасын табуда. Бүгін аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес Жосалы кентінің орталық алаңында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Ел іші – өнер кеніші» атты концерттік бағдарламаның салтанатты ашылу кеші өтті. Тағылымды шара тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, халық шығармашылығын қолдауға және ұлттық мәдени құндылықтарды кеңінен дәріптеуге бағытталды.

Жазғы мәдени маусымның шымылдығын түрген кешке аудан тұрғындары, ардагерлер, жастар мен өнер сүйер қауым көптеп жиналды. Кештің басты ерекшелігі – ауылдық округтердегі өнерлі азаматтардың шығармашылығын көпшілікке таныстырып, ұлттық өнердің өрісін кеңейтуге мүмкіндік беруінде.

Салтанатты шара барысында аудан әкімінің орынбасары Диас Асылбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, аталған жобаның ауданның мәдени өміріндегі маңыздылығына тоқталды.

– Ауданымызда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Ел іші – өнер кеніші» концерті жергілікті өнерпаздардың шығармашылығын насихаттауға, талантты азаматтарды қолдауға және мәдени байланыстарды нығайтуға үлкен үлес қосып келеді. Өнер – ұлттың рухани байлығы, халықтың жан дүниесінің айнасы. Осындай мәдени жобалар арқылы біз ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, жас ұрпақты өнерге баулуға мүмкіндік алып отырмыз, – деді ол.

Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары маусым айының үшінші жексенбісінде елімізде аталып өтетін Әкелер күні мерекесіне арнайы тоқталып, барлық әкелерді мерекемен құттықтады.

– Әке – отбасының тірегі, шаңырақтың иесі, ұрпақ тәрбиесіндегі ең маңызды тұлғалардың бірі. Әкенің өнегесі мен тәлімі ұрпақ бойындағы адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына негіз болады. Осы мерекелі күн қарсаңында барша әкелерге зор денсаулық, отбасыларына амандық пен бақ-береке тілеймін. Ел бірлігі мен ұрпақ тәрбиесі жолындағы еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын, – деп ізгі тілегін жеткізді.

Мерекелік кеш барысында Ақай және Тәйімбет Көмекбаев ауылдық округтерінің өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сахна төрінде халық әндері шырқалып, заманауи және ұлттық билер орындалды. Сонымен қатар ауыл өнерпаздарының орындауындағы патриоттық және лирикалық әндер көрермендерге ерекше әсер сыйлап, көтеріңкі көңіл күй қалыптастырды.

Өнер кешінде жас таланттармен қатар тәжірибелі өнерпаздар да өнер көрсетіп, аудан мәдениетінің даму деңгейін паш етті. Көрермендер әрбір қойылымды зор ықыласпен қабылдап, өнер иелеріне қошеметтерін аямады. Бұл өз кезегінде мәдени шараның жоғары деңгейде өткенін аңғартты.

«Ел іші – өнер кеніші» жобасының басты мақсаты – ел арасындағы таланттарды анықтау, олардың шығармашылық әлеуетін қолдау және ұлттық өнердің өміршеңдігін сақтау. Сонымен қатар мұндай мәдени кездесулер ауыл тұрғындарының шығармашылық белсенділігін арттырып, жастардың өнерге деген қызығушылығын қалыптастыруға ықпал етеді.

Айта кету керек, ұлтымыздың асыл мұрасын ұлықтауға бағытталған бұл мәдени жоба алдағы уақытта да жалғасын табады. Жоспарға сәйкес Жосалы кентінің орталық алаңында өтетін концерттік бағдарламаларға ауданға қарасты кент пен барлық ауылдық округтердің өнерпаздары қатысып, өздерінің шығармашылық өнерлерін көпшілік назарына ұсынатын болады.

Қыркүйек айына дейін әр сенбі сайын ұйымдастырылатын мәдени кештер тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, ұлттық өнердің өрісін кеңейтуге, рухани құндылықтарды дәріптеуге және халықтың мәдени өмірін жандандыруға өз үлесін қоспақ. «Ел іші – өнер кеніші» жобасы ауданның мәдени тынысын танытатын тағылымды бастама ретінде жұртшылықтың зор қолдауына ие болып келеді.

БӨЛІСУ