Қармақшы ауданында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту және тұрғындардың қауіпсіз қатынасын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы орайда облыстық маңызы бар «Жалағаш – Жосалы» автомобиль жолының бойында орналасқан маңызды нысандардың бірі – теміржол өткелі арқылы өтетін көпірде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
2026 жылғы 19 мамырдан бастап аталған автомобиль жолының Қармақшы ауданы аумағындағы 46-шақырымында орналасқан теміржол өткелі арқылы өтетін көпірді жаңғырту жұмыстары басталды. Көпірдің техникалық жағдайын жақсарту, оның пайдалану мерзімін ұзарту және жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында қолға алынған бұл жоба өңірдегі көлік қатынасының сапасын жақсартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады.
Аталған нысандағы жөндеу жұмыстары аудан әкімінің тұрақты бақылауында. Жауапты мекемелер мен мердігер ұйымдарға құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берілген. Жөндеу жұмыстарының әр кезеңі жіті қадағаланып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы басты назарда ұсталып отыр.
Көпірде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты көлік қозғалысы уақытша айналма жол арқылы ұйымдастырылған. Бұл өз кезегінде тұрғындар мен жүргізушілердің күнделікті қатынасын үзбеуге мүмкіндік беруде. Алайда айналма жолдың пайдаланылу қарқындылығының артуына байланысты оның сапалы жағдайда болуы маңызды мәселеге айналды.
Осыған байланысты аудан әкімдігі мен тапсырыс беруші мекеме – облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бірлесіп, Қызылтам елді мекені мен жөнделіп жатқан көпір аралығындағы ұзындығы 8 шақырым болатын уақытша топырақты жолдың жай-күйін жақсарту бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Негізгі мақсат – тұрғындар мен көлік жүргізушілері үшін қауіпсіз әрі қолайлы қозғалыс жағдайын қалыптастыру.
Қазіргі таңда уақытша жолдың жүріс бөлігіне фрезирленген материал төселіп, жол жамылғысының сапасын арттыру жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар ауа райының ыстық болуына байланысты жол бойында шаң-тозаңның көтерілуін азайту мақсатында күн сайын арнайы техникалардың көмегімен су себу жұмыстары ұйымдастырылған. Бұл шаралар жол қозғалысына қатысушылардың қолайлылығын арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға келетін қолайсыз әсерді төмендетуге де мүмкіндік береді.
Жол бойындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше көңіл бөлінуде. Қажетті жол белгілері орнатылып, көлік жүргізушілеріне қозғалыс бағытын дұрыс бағдарлау үшін түсіндіру шаралары жүргізілуде. Мамандар жолдың жағдайын күнделікті бақылап, туындауы мүмкін мәселелерді жедел шешу бағытында жұмыс атқаруда.
Жол-көлік инфрақұрылымы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды құрамдас бөлігі. Сондықтан аудан аумағындағы жолдардың сапасын жақсарту, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Қармақшы ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ облыстық маңызы бар жол бойындағы көлік қатынасының тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.