Арал ауданында өткен облыстық ардагерлер ұйымының көшпелі семинар-кеңесі аясында өңірге келген ардагерлер ауданның өндірістік әлеуеті мен тарихи-мәдени мұраларымен танысты. Танымдық сапар барысында қонақтар Аралдың балық шаруашылығындағы жетістіктерін көріп, теңіз тағдырымен сабақтасқан өлкенің бай тарихына қанықты.
Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев бастаған делегация құрамында облыстың барлық аудандарынан келген ардагерлер кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, салалық ардагерлер ұйымдарының өкілдері, қоғам өміріне белсенді араласып жүрген зиялы қауым өкілдері болды.
Сапар бағдарламасына сәйкес қонақтар алдымен Арал қаласындағы ірі өндіріс орындарының бірі – «Арал сервистік дайындау орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Кәсіпорынға жасалған экскурсия барысында ардагерлер өндіріс процесін көзбен көріп, зауыттың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы толық мәлімет алды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдірахман Айымбетов кәсіпорынның құрылу тарихы мен даму жолына тоқталып, оның аудан экономикасындағы маңызды орны туралы кеңінен әңгімеледі. Оның айтуынша, өндіріс орны 2008 жылы бұрынғы «Аралрыбпром» зауытының базасында салынған. Ал 2010 жылдан бастап толық өндірістік қуатында жұмыс істеп келеді.
Бүгінде кәсіпорын заманауи технологиялармен жабдықталған ірі өндіріс орталығы саналады. Мұнда балықтың филесі мен тұтас өнімдері, ысталған және кептірілген балық түрлері, балық фаршы мен мұздатылған өнімдер өндіріледі. Зауыттың жылдық қуаттылығы 5 мың тоннаға дейін балық өнімін өңдеуге мүмкіндік береді.
Өндірілген өнімдер Қазақстанның ішкі нарығымен қатар Еуропа елдеріне, Ресей Федерациясына, Қытайға және Орталық Азия мемлекеттеріне экспортталады. Бұл өз кезегінде Арал өңірінің балық шаруашылығы саласының халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.
Кәсіпорын қызметінің тағы бір ерекшелігі – халықаралық экологиялық талаптарды қатаң сақтауы. Зауыт қоршаған ортаны қорғау бағытындағы ISO 14001 халықаралық экологиялық менеджмент стандартына сәйкес жұмыс істейді. Бұл өндіріс орнының сапа мен қауіпсіздік талаптарына жоғары деңгейде мән беретінін аңғартады.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда Арал ауданында жалпы жылдық қуаттылығы 30 мың тоннаға жуық өнім өндіретін 10 балық өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Солардың ішінде Еуропа нарығына өнім шығаруға мүмкіндік беретін арнайы «Еврокод» белгісіне ие екі кәсіпорынның бірі – «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС.
Өндіріс орнын аралағаннан кейін делегация мүшелері қаладағы Балықшылар аллеясына барып, өңірдің балық шаруашылығы тарихымен және теңіз мәдениетімен танысты. Бұдан кейін олар Балықшылар музейін аралап, Арал өңірінің өткені мен бүгіні туралы құнды деректермен танысуға мүмкіндік алды.
2012 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан музейде бүгінде 2500-ден астам тарихи жәдігер сақталған. Экспозициялар Арал теңізінің ежелгі дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихын қамтиды. Мұражайда арнайы «Балықшылар» және «Кемелер» залдары жұмыс істейді.
Келушілер мұнда балық өнеркәсібінің қалыптасуы мен дамуы, балықшылардың күнделікті тұрмысында пайдаланылған құрал-жабдықтар, кеме жасау және кеме жүргізу мәдениеті туралы мол мәлімет алды. Сондай-ақ балық шаруашылығының өркендеуіне елеулі үлес қосқан азаматтарға қатысты тарихи құжаттар мен фотосуреттер де көпшілік назарына ұсынылған.
Музей ауласында орналасқан ашық аспан астындағы экспозиция да ерекше қызығушылық тудырды. Мұнда көне қайықтар, ат және түйе шаналары, балық аулауға арналған құралдар, тарихи өндірістік станоктар мен атақты капитандардың есімі берілген кемелер қойылған.
Ардагерлер Арал өңірінің өндірістік жетістіктері мен тарихи мұраларын жоғары бағалап, ауданның балық шаруашылығын дамытудағы тәжірибесі өзгелерге үлгі екенін атап өтті. Сонымен қатар теңіз тағдырымен біте қайнасқан өлкенің мәдени құндылықтарын сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу бағытындағы жұмыстарға оң пікірлерін білдірді.
Тағылымды сапар барысында ардагерлер өзара тәжірибе алмасып қана қоймай, Аралдың экономикалық әлеуеті мен тарихи-мәдени ерекшеліктеріне тереңірек қанықты. Мұндай кездесулер өңірлер арасындағы байланысты нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және ел тарихын насихаттауға зор үлес қосатыны сөзсіз.