Арал ауданында Қызылорда облыстық ардагерлер ұйымының тәжірибе алмасуға арналған көшпелі семинар-кеңесі өтіп, аға буын өкілдерінің қоғамдағы рөлін арттыру, ұйымдар арасындағы байланысты нығайту және озық тәжірибелерді кеңінен тарату мәселелері талқыланды.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен алқалы жиынға Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев төрағалық етті. Басқосуға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев, облыстық және аудандық ардагерлер кеңестерінің мүшелері, қоғам қайраткерлері, сала ардагерлері мен белсенді азаматтар қатысты.
Жиынның ашылуында сөз сөйлеген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев ардагерлер ұйымдарының қоғамдық өмірдегі маңызына тоқталып, ұрпақ тәрбиесі мен қоғамдық келісімді сақтаудағы аға буынның жауапкершілігі ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар өңірдегі ардагерлер қозғалысының дамуына қолдау көрсетіп келе жатқан азаматтарға алғыс білдіріп, Арал ауданында соңғы жылдары жүзеге асқан игі бастамалар мен ауқымды жобаларға оң бағасын берді.
Семинар барысында ардагерлер ұйымдарының жұмыс тәжірибелері кеңінен талқыланды. Қоғамдық тұрақтылықты сақтау, жастар арасында патриоттық тәрбиені күшейту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту бағытындағы жұмыстардың өзекті мәселелері көтерілді. Қатысушылар ұйымдардың алдағы кезеңдегі міндеттерін саралап, тиімді тәжірибелерді өзге аудандарда қолдану жолдарын қарастырды.
Жиында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасап, соңғы жылдары атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, аудан халқы толықтай таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар газдандыру көрсеткіші 72 пайызға жетіп, елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ жаңа мектептер мен денсаулық сақтау нысандары пайдалануға беріліп, тұрғын үй құрылысы қарқын алған. Мәдениет және спорт салаларында да ауқымды жобалар жүзеге асырылып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.
Семинар-кеңесте облыстық ардагерлер кеңесінің алдағы жоспары мен міндеттері жөнінде мазмұнды баяндамалар жасалды. Атап айтқанда, Жаңақорған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы, Қызылорда облысының Құрметті ардагері медалінің иегері Өмірзақ Тақырбасов аудандық ұйымдардың жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Ал облыстық білім саласы ардагерлер ұйымының төрағасы, Қызылорда облысының «Құрметті ардагері» медалінің иегері Ғалымжан Бекенов білім беру саласындағы ардагерлердің қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі жөнінде баяндады.
Сонымен бірге Қармақшы ауданының белсенді ардагері, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, бірнеше кітаптың авторы Досжан Нәзікбаев жастар тәрбиесіндегі рухани құндылықтардың маңызы туралы ой-пікірлерін ортаға салды.
Пленарлық отырыс барысында өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып, ардагерлер қозғалысының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды. Оларға Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің медальдары, Қызылорда облысының «Құрметті ардагері» медалі және Құрмет грамоталары табысталды.
Көшпелі семинар-кеңес қорытындысында қатысушылар мұндай кездесулердің тәжірибе алмасу үшін маңызы зор екенін атап өтті. Аға буын өкілдерінің өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізу, қоғамдық ұйымдардың жұмысын жетілдіру және ел бірлігін нығайту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатыны айтылды.
Арал төрінде өткен тағылымды басқосу ардагерлер ұйымдарының өзара ынтымақтастығын күшейтіп қана қоймай, олардың қоғамдағы белсенді рөлін одан әрі арттыруға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.