“ЗАҢ КЕРУЕНІ” АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

Қызылордада «Заң керуені» акциясы басталды

Қызылорда облысында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, өзекті мәселелерін жергілікті жерде шешуге және мемлекеттік органдармен байланысты нығайтуға бағытталған «Заң керуені» акциясы бастау алды. Облыстық прокуратура ұйымдастырған акцияның алғашқы кездесуі Сырдария ауданында өтті.

Іс-шараға облыс прокуроры Ризабек Ожаров, аудан әкімі Берік Сәрменбаев, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы мекемелердің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында тұрғындар әлеуметтік қамсыздандыру, жер қатынастары, тұрғын үй, еңбек заңнамасы, атқарушылық іс жүргізу және өзге де салаларға қатысты мәселелерін көтерді. Азаматтардың сауалдарына қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсіндірмелер беріліп, бірқатар мәселелер бақылауға алынды.

Шарада азаматтардың құқықтарын қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдағы заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың маңызы ерекше атап өтілді. Облыстық прокуратура мәліметінше, қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде биылғы жылдың өткен кезеңінде өңір бойынша қылмыс деңгейі 10 пайызға төмендеген. Ал Сырдария ауданында бұл көрсеткіш 22 пайызды құраған.

«Заң керуені» акциясы өңірдің барлық аудан орталықтары мен елді мекендерін қамтуды көздейді. Жалпы саны 135 елді мекенде тұрғындармен кездесулер өткізу жоспарланған. Осы мақсатта облыстық прокуратура қызметкерлерінен арнайы жұмыс топтары құрылып, олардың құрамына басқарма басшылары, облыс прокурорының аға көмекшілері мен тәжірибелі мамандар енгізілді.

Акция аясында ұйымдастырылатын кездесулер тұрғындардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, құқықтық көмекке қолжетімділікті арттыруға және халықтың өтініштері мен ұсыныстарын жедел қарауға мүмкіндік береді. Мұндай ашық форматтағы кездесулер азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара сенімді нығайтып, қоғамдағы заң үстемдігін қамтамасыз етуге ықпал етпек.

Мамандардың айтуынша, «Заң керуені» акциясы тұрғындардың құқықтық мәселелерін шешумен қатар, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейтуге бағытталған маңызды бастама болып табылады.

БӨЛІСУ