ЕҢ ӘДЕМІ МЕРЕКЕ

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні ауданымызда ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Орталық алаңда ұйымдастырылған мерекелік шараға аудан әкімі Ардақ Ибраимов қатысып, бүлдіршіндерді айтулы мерекемен құттықтады.

Мерекелік шараға аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, ата-аналар және аудан тұрғындары қатысып, балалардың құрметіне арналған мазмұнды концерттік бағдарламаны бірге тамашалады.

Мереке аясында аудан әкімі алдымен «Бояулар сыры» атты жас суретшілердің шығармашылық көрмесін аралады. Көрмеде балалардың қылқаламмен салған суреттері, қолөнер бұйымдары мен түрлі шығармашылық жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, «Дарындылар алаңы» жобасы аясында ұйымдастырылған спорттық және білім сайыстарының жеңімпаздары өз жетістіктерін таныстырды. Аудан басшысы бүлдіршіндердің еңбектеріне жоғары баға беріп, олардың өнері мен шығармашылық ізденістеріне сәттілік тіледі.

Одан кейін мерекелік концерттік бағдарлама басталып, аудан әкімі жиналған жұртшылықты Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады.

– Баршаңызды Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – балалар үшін ғана емес, ата-аналар үшін де ерекше мереке. Себебі әрбір ата-ана үшін баласының шат күлкісі мен кіршіксіз қуанышынан асқан бақыт жоқ. Біз – «Бар жақсыны балаға» дейтін халықпыз. Сондықтан өскелең ұрпаққа барлық жағдайды жасап, сапалы білім мен саналы тәрбие беру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеміз. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде балалардың жан-жақты дамуына, сапалы білім алуына және қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Өйткені балалар – еліміздің болашағы, мемлекетіміздің ертеңі. Баршаңызға зор денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй және толағай табыстар тілеймін. Балаларымыздың армандары орындалып, болашағы жарқын болсын! – деді аудан әкімі.

Мерекелік шара барысында аудан әкімі бірқатар балаға еліміздің үздік жазғы сауықтыру лагерлеріне жолдамалар табыстады. Бұл балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және бос уақытын пайдалы өткізуіне мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, Жалағаш кентіндегі «Ақтерек» сауықтыру лагеріне 402 бала, Қызылорда қаласындағы «AI-KERIM» білім беру және сауықтыру орталығына 83 бала, Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына 100 бала, Алматы қаласындағы «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық сауықтыру орталығына 10 бала, Қонаев қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына 13 бала және Түркістан облысындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына 56 бала жолдама алды.

Жалпы, аудан бойынша жазғы маусымда балалардың демалысын мазмұнды өткізуге ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта туристік саяхаттар, тарихи-танымдық экскурсиялар, мәдени-көпшілік және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, барлығы 6352 баланы қамту жоспарланған.

Мерекелік кеш өнерлі балалардың концерттік бағдарламасымен жалғасты. Әсем әндер шырқалып, мың бұралған билер орындалды. Сонымен қатар, сахналық қойылымдар қойылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Балалардың шат күлкісі мен қуанышы мерекенің басты сәніне айналып, орталық алаң ерекше думанға бөленді.

Балаларды қорғау күніне арналған тағылымды шара өскелең ұрпаққа деген қамқорлықтың нақты көрінісі болды. Балалардың бақытты балалық шағын қамтамасыз ету, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.

БӨЛІСУ