Бүгін Жаңақорған ауданында аудан әкімі Мажит Самитовтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтіп, онда оқу жылының аяқталуы, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелері кеңінен талқыланды. Мәжіліс облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен «Оқу жылының аяқталуы және білім алушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру туралы» жиыннан кейін ұйымдастырылды.
Аппараттық мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім және мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері мен жауапты сала жетекшілері қатысты. Жиын барысында аудан көлеміндегі өзекті мәселелер сараланып, нақты міндеттер айқындалды.
Мәжіліс ең алдымен кадрлық өзгерісті таныстыру рәсімімен басталды. Облыстық мемлекеттік архив басшысының бұйрығына сәйкес, 2026 жылдың 21 мамырынан бастап Жаңақорған аудандық архив филиалының басшысы лауазымына Ермахан Бердібек Ермаханұлы тағайындалды.
Аудан әкімі жаңа басшыны көпшілікке таныстырып, оның еңбек жолы мен кәсіби тәжірибесіне тоқталды. Ермахан Бердібек Ермаханұлы 1968 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Саясаттанушы, саясаттану пәнінің оқытушысы» мамандығы бойынша, сондай-ақ академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде «Педагогика және психология» мамандығы бойынша жоғары білім алған.
Еңбек жолын 1995 жылы №239 орта мектепте мұғалім болып бастаған ол кейін білім беру саласында түрлі жауапты қызметтерді атқарып, басқарушылық бағытта мол тәжірибе жинақтады. Аудан басшысы жаңа қызмет иесіне сәттілік тілеп, архив саласының дамуына тың серпін береді деген сенім білдірді.
Жиынның негізгі бөлігінде оқу жылының аяқталуы мен жазғы демалысты ұйымдастыру мәселелері жан-жақты қаралды. Аудандық білім бөлімінің басшылары оқу жылының қорытындысы мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасап, білім беру ұйымдарындағы дайындық жұмыстары туралы ақпарат берді.
Биыл Жаңақорған ауданында 11-сыныпты 1273 түлек тәмамдайды. Оның ішінде 1142 оқушы немесе 89,7 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш берген. ҰБТ Жаңақорған кентіндегі №110 орта мектеп базасында орналасқан тестілеу орталығында ұйымдастырылып, 10 мамырда басталған сынақ 10 шілдеге дейін жалғасады.
Аудан әкімі Мажит Самитов мектеп бітірушілерге арналған аттестат тапсыру рәсімдерін талапқа сай әрі жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен қатар барлық іс-шаралар барысында балалардың қауіпсіздігіне баса назар аудару қажеттігін ескертті.
– Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда болуы тиіс. Әсіресе мектеп бітіру кештері мен жазғы демалыс кезеңінде жауапкершілікті күшейту қажет. Әрбір мекеме өзіне жүктелген міндетті сапалы орындауы тиіс, – деді аудан басшысы.
Мәжілісте балалардың жазғы демалысын тиімді әрі қауіпсіз ұйымдастыру мәселесі де кеңінен талқыланды. Биыл аудан аумағында екі балаларды сауықтыру мекемесі жұмыс істейтін болады. Оның бірі – Құттықожа ауылындағы «Тау самалы» тынығу лагері болса, екіншісі – Бесарық ауылындағы облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы.
Жоспарға сәйкес, «Тау самалы» лагерінде 8 ауысым бойынша 600 баланы қабылдау көзделсе, облыстық орталықта 7 ауысыммен 2100 баланы демалдыру жоспарланып отыр. Осыған байланысты аудан басшысы аталған нысандардың 1 маусымға дейін толық дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Жиында балалар қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Әсіресе жаз мезгілінде рұқсат етілмеген су айдындарында шомылудың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды. Аудан әкімі ата-аналар арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, күнделікті рейдтік шараларды тұрақты ұйымдастыруды және жауапты мекемелердің өзара үйлесімді жұмыс істеуін тапсырды.
Сонымен қатар мәжілісте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде су үнемдеу технологияларын енгізу, су ресурстарын тиімді пайдалану және осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мәселелері де қаралды. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы саласына заманауи тәсілдерді енгізу мен суды үнемді пайдалану маңызды міндет ретінде атап өтілді.
Аппараттық мәжіліс қорытындысында аудан әкімі салаға жауапты орынбасарлар мен тиісті мекеме басшыларына күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, олардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауға алуды міндеттеді.
Жалпы, мәжілісте көтерілген мәселелер ауданның әлеуметтік саласындағы маңызды бағыттарды қамтып, алдағы кезеңдегі жұмыстардың жүйелі әрі тиімді ұйымдастырылуына негіз болды.