АЙБЫН — 2026» ОБЛЫСТЫҚ ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІНІҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Жастардың әскери-патриоттық рухын шыңдап, елге деген сүйіспеншілігін арттыруды мақсат еткен «Айбын – 2026» облыстық әскери-патриоттық сайысының іріктеу кезеңінде жоғары нәтиже көрсеткен жаңақорғандық жасөспірімдер бүгін салтанатты түрде марапатталды.

Аудан әкімдігінде өткен арнайы жиында аудан әкімінің орынбасары Нариман Жахудаев облыстық додада жүлделі ІІІ орынды иеленген аудан командасын қабылдап, олардың жетістігін жоғары бағалады. Ол жастардың әскери дайындықпен қатар, тәртіп пен ұйымшылдықты, отансүйгіштік қасиетті бойларына сіңіріп келе жатқанын атап өтті.

– Бұл жеңіс – тек қатысушылардың ғана емес, аудан жастарының ортақ жетістігі. Ел қорғайтын ұрпақтың білімді, қайсар әрі рухты болуы – маңызды. Осындай байқаулар жас буынның жігерін жаниды, – деді Нариман Жахудаев.

Айта кетейік, Қызылорда қаласында өткен облыстық кезеңге өңірдің барлық ауданынан үздік командалар қатысып, өзара бақ сынаған болатын. Нәтижесінде Жаңақорған ауданының намысын қорғаған команда үздіктер қатарынан көрініп, командалық есепте ІІІ орынды иеленді.

Сайыс барысында қатысушылар әскери саптық дайындық, алғашқы әскери көмек көрсету, қару-жарақты меңгеру, эстафеталық жарыстар мен зияткерлік кезеңдер бойынша сынға түсті. Жаңақорғандық оқушылар барлық кезеңде белсенділік танытып, жоғары дайындық деңгейін көрсете білді.

Аудан абыройын асқақтатқан 15 оқушы мен олардың жетекшілері Алғыс хаттармен және арнайы марапаттармен марапатталды. Сонымен қатар, ерекше көзге түскен 7 оқушы республикалық кезеңге жолдама алып, енді облыс намысын елдік деңгейдегі додада қорғайтын болады.

Жастардың жеңісі – аудан мектептеріндегі тәрбие мен әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстардың нәтижесі. Ел болашағы саналатын өрендердің табандылығы мен жігері алдағы уақытта да биік белестерден көрінеді деген сенім мол.

БӨЛІСУ