Қызылорда қалалық мәслихатының экономика, кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік сала және құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Жиынға комиссия төрағасы М.Әбдіқалықов жетекшілік етті.
Отырысқа қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев, депутаттар, қала әкімінің орынбасары А.Нұрмағанбетов, облыстық тексеру комиссиясының мүшелері, бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде 2025 жылғы бюджеттердің атқарылуы, жастар арасында есірткі мен уытты заттардың алдын алу және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Бірінші мәселе бойынша жауапты сала мамандары 2025 жылға арналған қала, кент және ауылдық округ бюджеттерінің орындалуы туралы есеп берді. Мәліметке сәйкес, бюджет кірістері мен шығыстары толық орындалып, жоғары тұрған бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер толық игерілген.
Комиссияда жастар арасындағы есірткі қылмысының алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Қалалық полиция басқармасы өкілдерінің айтуынша, жыл басынан бері есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар анықталып, синтетикалық есірткінің таралуына қарсы жұмыстар күшейтілген.
Сонымен қатар, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, NEET санатындағы жастарды қолдау, жұмыспен қамту және әлеуметтік жобаларды жетілдіру бағытындағы жұмыстар сараланды. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында жастар орталығы 93 іс-шара өткізіп, оған 3 мыңнан астам жас қамтылған.
Жиын барысында депутаттар тарапынан жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алу, әлеуметтік жобалардың тиімділігін арттыру және жастардың қоғамдық шараларға белсенділігін күшейту жөнінде бірқатар ұсыныстар айтылды.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша көтерілген ұсыныс-пікірлер тұрақты комиссия қаулысына енгізіліп, тиісті шешімдер қабылданды.