Мектеп қабырғасынан үлкен өмірге қанат қаққалы тұрған жас түлектер үшін бүгінгі күн ерекше әсерге толы болды. Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов үздік мектеп бітірушілермен кездесіп қана қоймай, аудан әкімдігі ғимаратында арнайы ашық есік күнін өткізді.
Жастарды жылы жүзбен қарсы алған аудан басшысы ең әуелі әкімдік ғимаратымен таныстырып, ауданның қалыптасу тарихы мен өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан ел ағаларының еңбегі жайында әңгімеледі. Бұл кездесу жас буын үшін туған жердің өткені мен бүгініне тереңірек үңілуге мүмкіндік берді.
Ғимаратты аралау барысында түлектер аудан әкімінің жұмыс кабинетін көріп, мемлекеттік қызметтің мәні мен жауапкершілігі туралы тағылымды ой тыңдады. Еркін форматта өткен жүздесуде жастар өздерінің болашақ жоспарлары, таңдаған мамандықтары мен өмірлік мақсаттары жөнінде пікір алмасты. Аудан басшысы олардың білімге деген құштарлығын жоғары бағалап, ел болашағы білімді әрі білікті жастардың қолында екенін ерекше атап өтті.
Кездесу барысында Алмасбек Әбілқасымұлы түлектерге алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуді сәтті тапсырып, өздері армандаған жоғары оқу орындарының студенті атануларына тілектестік білдірді. Сонымен қатар қай салада жүрсе де туған елдің дамуына қызмет ететін азамат болудың маңызын айтты.
Тағылымды кездесудің соңында оқушылар аудан басшысымен естелік суретке түсіп, ашық есік күнінен ерекше әсер алып тарқасты. Осындай тағылымы мол жүздесулер жас буынның жүрегіне сенім ұялатып, болашаққа деген жігерін арттыра түсері анық.