Арал ауданының шалғайдағы Шижаға ауылына жарықтың жаңа лебі келді. Көптен бері тозығы жеткен электр желілерінің мәселесі тұрғындарды алаңдатып келген еді. Енді ауылдағы ескі бағаналар мен әлсіз желілер жаңартылып, халық сапалы әрі тұрақты электр қуатына қол жеткізді.
Аққұм ауылдық округіне қарасты елді мекенде 0,4 және 10 кВ әуе электр желілерінің құрылысы толық аяқталып, 20,6 шақырым жаңа желі тартылды. Сондай-ақ 9 кешенді трансформаторлық қосалқы станция орнатылып, ауылдың энергетикалық әлеуеті күшейтілді. Құрылыс жұмыстарын «Энергомера» серіктестігі жүргізді.
Жаңғырту нәтижесінде 418 тұрғын үй мен 9 әлеуметтік нысан жаңа электр желісіне қосылды. Бұл тек жарықтың жануы ғана емес, ауыл тұрмысының сапасын арттырып, тұрғындардың күнделікті өміріне қолайлылық әкелген маңызды өзгеріс болды. Тұрақты кернеу – тұрмыстық техниканың қауіпсіз жұмысы, кәсіптің дамуы, балалардың алаңсыз білім алуы деген сөз.
Арал ауданындағы инфрақұрылымды жаңғырту мұнымен шектелмейді. Қазіргі таңда Арал қаласы мен Сексеуіл кентінде де ауқымды жұмыстар жалғасуда.
Арал қаласында мыңдаған темір-бетон тіректері орнатылып, ондаған шақырым электр желілері жаңартылуда. Бүгінде 1510 абонент жаңа желіге қосылып үлгерді. Ал Сексеуіл кентінде 98 шақырымнан астам электр желісін тарту және 28 трансформаторлық станция орнату жоспарланған.
Бұл жұмыстардың барлығы – елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын нығайтып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар. Жаңарған желі – ауылдың жаңа тынысы. Жарығы тұрақты ауылдың болашағы да жарқын болмақ.