Қызылордада соңғы күндері тұрғындарды алаңдатқан басты мәселелердің бірі – сұйытылған газ бағасының көтерілуі. Әсіресе көлігі газбен жүретін халық үшін бұл мәселе күнделікті тұрмысқа тікелей әсер етеді. Бағаның бірнеше теңгеге қымбаттауының өзі мыңдаған жүргізушінің қалтасына салмақ салатыны анық. Осыған байланысты бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен сұйытылған газ мәселелері арнайы талқыланған мәжіліс өтті.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары, жауапты басқарма басшылары және сала өкілдері қатысты. Мәжілісте аймақтағы қазіргі ахуал сараланып, газ бағасын тұрақтандыру жолдары қаралды.
Облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы бұл мәселенің Үкіметтің ерекше бақылауында тұрғанын атап өтіп, газ бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуді қатаң тапсырды.
– Газ – халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететін стратегиялық маңызы бар сала. Сондықтан тұрғындарды тұрақты әрі қолжетімді бағамен қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Қазіргі ахуалды күнделікті бақылауда ұстау қажет, – деді аймақ басшысы.
Бүгінде облыс аумағында 144 автогаз құю станциясы жұмыс істейді. Сонымен қатар 6 газ сақтау қоймасы бар. Жалпы 15 оператор сұйытылған газды сатумен айналысады. Бұл – аймақтағы газ нарығының ауқымды екенін көрсетеді.
Алайда осы жылдың 23 сәуірінде «Қызылорда Газ» мекемесі алғаш болып газ бағасын көтерген. Кейін өзге операторлар да бағаны біртіндеп өсіре бастаған. Нәтижесінде халық арасында алаңдаушылық күшейіп, әлеуметтік желілерде де тұрғындардың наразылығы жиілеген болатын.
Облыс әкімдігі жүргізген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бірқатар операторлар газ бағасын бұрынғы деңгейге қайта түсіре бастаған. Дегенмен кейбір мекемелер әлі де бағаны жоғары деңгейде ұстап отыр. Атап айтқанда, «Қызылорда Газ», «Авто Газ Стэйшн», «Каз Авто Газ Сервис» операторлары газды 5 теңгеге қымбат бағамен сатуда.
Осыған байланысты Мұрат Ергешбаев жауапты сала басшыларына нақты әрі қатаң тапсырмалар жүктеді. Аймақ басшысы газ бағасын шұғыл түрде бұрынғы деңгейге қайтаруды, халыққа газды шектеусіз сатуды және басқа өңірлерге рұқсатсыз тасымалдауға жол бермеуді талап етті.
Сонымен қатар, коммерциялық көздер арқылы болса да өңірге қосымша газ жеткізіп, оны әлеуметтік бағамен ұсыну қажеттігін айтты. Бұл – тапшылықтың алдын алып, бағаның қайта шарықтап кетпеуіне бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Жиында облыс әкімі барлық тапсырманың сапалы әрі уақытылы орындалуы тиіс екенін ерекше ескертті. Себебі газ тапшылығы мен баға мәселесі халықтың күнделікті тұрмысына ғана емес, әлеуметтік тұрақтылыққа да әсер ететін маңызды факторлардың бірі.
Сондай-ақ, қала және аудан әкімдіктеріне операторлардың газ қорына тұрақты мониторинг жүргізу міндеттелді. Яғни ендігі жерде әр аудандағы газ қоры, сату көлемі, баға өзгерісі күнделікті бақылауда болады. Бұл тапшылықтың алдын алып, алыпсатарлыққа жол бермеу үшін қажет.
Қазір қоғамда ең маңыздысы – тұрақтылық. Ал газ бағасының тұрақты болуы халық көңіліне тікелей әсер етеді. Сондықтан облыс әкімдігінің бұл мәселені бақылауға алып, бағаны төмендету бағытында нақты шаралар қабылдауы тұрғындар үшін маңызды шешім болып отыр.
Қызылордада газ бағасына қатысты ахуал алдағы уақытта да қатаң бақылауда болмақ.