Сыр өңірінде жаз шыға халықтың ең көп көтеретін мәселесінің бірі – аяқсу. Әсіресе, қала көшелеріндегі жасыл желекті сақтау, ағаштардың қурап қалмауы, тұрғындардың арық жүйелеріне қатысты шағымы жыл сайын күн тәртібінен түспейді. Осы мәселені назарға алған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев бүгін Қызылорда қаласындағы аяқсу ұңғымаларының қазіргі жағдайын арнайы барып көрді.
Аймақ басшысы Н.Назарбаев даңғылы мен А.Шәменов көшесінің қиылысындағы, «Қорқыт ата» әуежайы аумағындағы, «Эдельвейс» саяжайы маңындағы және сол жағалаудағы көпбейінді аурухана жанындағы аяқсу ұңғымаларын аралап, олардың жұмысымен танысты. Әр нысанның жағдайын мұқият бақылаған облыс әкімі жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар беріп, аяқсу жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі қатаң бақылауда болатынын жеткізді.
Қала тұрғындары үшін аяқсудың маңызы ерекше. Себебі, Сырдың аптап ыстығында көгал мен ағашты сақтап қалудың жалғыз жолы – тұрақты суару жүйесі. Сондықтан бүгінгі тексеру тек инженерлік нысандарды аралау емес, қаланың экологиялық ахуалына, тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды жұмыс болды.
Сапар барысында аймақ басшысына сол жағалаудағы көгалдандыру және жасыл белдеу жобалары да таныстырылды. Соңғы жылдары халық тығыз қоныстанып жатқан жаңа шағын аудандарда құрылыс жұмыстары жүріп жатқанымен, сонымен қатар көгалдандыруға да басымдық берілуі – уақыт талабынан туған маңызды шешім. Жасыл аймақ көбеймейінше, қаланың көркі де, экологиялық жағдайы да жақсармайтыны белгілі.
Бүгінде Қызылорда қаласы бойынша 68 көшеде жалпы ұзындығы 98,6 шақырым болатын арық жүйесі бар. Оның ішінде 46 көшенің 74,6 шақырымына аяқсу жеткізіліп отыр. Сонымен қатар, 3 көшедегі 4,4 шақырым аумақ ірі лотоктармен, ал 39 көшедегі 68,6 шақырым арық желісі кіші лотоктармен жабдықталған.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда қаладағы 10 нүктеде орналасқан 16 насос қондырғысы толық қуатында жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, 12 арық жүйесіне 19 насос арқылы су берілуде. Бұл – аяқсумен қамту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Қаладағы аяқсу жетпей отырған аумақтарды сумен қамту мәселесі де кезең-кезеңімен шешілуде. Осы бағытта «KazstroyCapital LTD Kyzylorda» ЖШС-мен бірлескен жұмыстар қолға алынған. Жерасты ұңғымалары арқылы су шығару жобасы жүзеге асырылып, нәтижесінде Бөкейхан көшесіндегі арық жүйесіне аяқсу жіберілді. Бұл – көптен бері көтеріліп жүрген мәселенің нақты шешім таба бастағанының көрінісі.
Сонымен қатар, «Қызылорда тазалығы» мекемесі қаладағы арықтар мен каналдарды тазалау, қалпына келтіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Себебі, аяқсу жүйесінің тиімді болуы тек насосқа емес, арықтардың тазалығы мен су өткізу мүмкіндігіне де байланысты.
Жалпы, Қызылордадағы аяқсу мәселесі – тек коммуналдық салаға қатысты емес, ол қаланың экологиясына, тұрғындардың жайлы өміріне, шаһардың келбетіне әсер ететін маңызды бағыт. Сондықтан бұл мәселенің облыс әкімінің тікелей бақылауына алынуы халық көңіліне сенім ұялатады.