ТАЛАПТАР ТҮСІНДІРІЛІП, ЕСКЕРТУЛЕР ЖАСАЛДЫ

Қала аумағында санитарлық тазалықты сақтау, құрылыс қалдықтарының бейберекет төгілуіне жол бермеу және кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбетін ретке келтіру мақсатында қала әкімдігі жанынан құрылған жұмысшы топ рейдтік жұмыстарды күшейтті. Арнайы топ өкілдері күнделікті жүргізіліп жатқан бақылау шаралары барысында бірнеше құқық бұзушылық дерегін анықтап, заң талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Рейд барысында жеке және заңды тұлғаларға тиесілі құрылысы аяқталмай қараусыз қалған нысандардың санитарлық жағдайы зерделенді. Сонымен қатар құрылыс қалдықтарын рұқсат етілмеген орындарға төгу, қоршауларды талапқа сай орнатпау, кәсіпкерлік нысандар аумағы мен қасбетінің тазалығын сақтамау секілді бірқатар кемшіліктер анықталды. Тексеру нәтижесінде әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берген азаматтар мен кәсіп иелеріне заң аясында тиісті хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды.

Жұмысшы топ мүшелерінің айтуынша, қала тазалығы мен көркі – барша тұрғынға ортақ жауапкершілік. Әсіресе құрылыс жұмыстарын жүргізуші мердігерлер мен кәсіпкерлік субъектілері өздеріне тиесілі аумақтың тазалығына ерекше мән беруі тиіс. Қоғамдық орындар мен көшелердің ластануы тұрғындарға қолайсыздық тудырып қана қоймай, қаланың санитарлық-экологиялық ахуалына кері әсерін тигізеді.

Мамандар кәсіпкерлерге нысан маңын таза ұстап, қасбеттерді уақытылы қалыпқа келтіру, құрылыс қалдықтарын арнайы белгіленген орындарға шығару жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге қоршаулардың қауіпсіздік талаптарына сай болуы, құрылыс алаңдарының ретсіз жатпауына қатысты ескертулер жасалды.

Қала әкімдігі тарапынан мұндай рейдтік шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Тазалық талаптарын сақтамаған азаматтар мен кәсіп иелеріне заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылатыны ескертілді.

Қала тұрғындарын туған жердің тазалығы мен көркеюіне бейжай қарамай, ортақ тәртіп пен мәдениетті сақтауға шақырамыз.

БӨЛІСУ