ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНДА КӘРІЗ ЖҮЙЕЛЕРІН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және коммуналдық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар Қызылордада кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның ішінде халыққа үздіксіз қызмет көрсететін кәріз жүйелерінің жағдайын жақсарту, олардың қуаттылығы мен техникалық мүмкіндіктерін арттыру мәселесі бүгінде басты назарда тұр.

Осыған байланысты шаһар басшысының тапсырмасына сәйкес, қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов бастаған арнайы жұмысшы топ «Қызылорда су жүйесі» кәсіпорнына қарасты бірқатар кәріз насос станциялары мен тазарту нысандарына зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Жұмыс барысында мамандар кәріз жүйелерінің қазіргі техникалық жай-күйін қарап, олардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, тозған инфрақұрылымды жаңғырту және заманауи талаптарға бейімдеу бағытындағы шараларды талқылады. Атап айтқанда, жұмысшы топ №6 «Южный» кәріз насос станциясының, №101 орта мектеп маңындағы кәріз насос станциясының, Саяхат тұрғын ауданындағы шағын кәріз насос станциясының және натрий гипохлоридін өндіру қондырғысының жұмысымен танысты.

Мамандардың айтуынша, қаладағы кәріз жүйелері тұрғындар санының артуына байланысты кезең-кезеңімен жаңғыртуды қажет етеді. Себебі коммуналдық инфрақұрылымның қалыпты жұмыс істеуі санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікпен қатар, экологиялық тұрақтылыққа да тікелей әсер етеді. Осыған байланысты қолданыстағы нысандардың техникалық әлеуетін күшейту, жабдықтарды жаңарту және апатты жағдайлардың алдын алу бойынша нақты шаралар қолға алынуда.

Зерделеу барысында Саяхат тұрғын ауданындағы шағын кәріз насос станциясының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Аталған нысан алдағы уақытта ассенизаторлық автокөліктерден келетін сарқынды суларды қабылдап, жүйелі түрде өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде экологиялық талаптардың сақталуына және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға септігін тигізбек.

Сонымен қатар, Тасбөгет кенті тұрғындарының өтініш-шағымдары назардан тыс қалған жоқ. Тұрғындардың ұсыныстары мен көтерген мәселелеріне сәйкес, осы аумақтағы модульді биологиялық тазарту станциясына ассенизаторлық автокөліктерден сарқынды су қабылдау уақытша тоқтатылды. Бұл шешім қоршаған ортаға түсетін салмақты азайту және жергілікті тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында қабылданған.

Қала әкімдігі тарапынан коммуналдық саладағы түйткілдерді кезең-кезеңімен шешу, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындарға сапалы қызмет көрсету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Кәріз жүйелерінің тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуі – шаһардың санитарлық тазалығы мен тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруінің маңызды кепілі.

БӨЛІСУ