Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбек Жосалы кентіндегі бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, онда атқарылып жатқан құрылыс және жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Аудан басшысы нысандардағы жұмыстардың сапасына, мерзімінде орындалуына және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға баса мән беру қажеттігін атап өтті.
Алдымен аудан әкімі мемлекеттік мүліктің теңгеріміндегі ғимаратқа барып, мұндағы ағымдағы жөндеу жұмыстарының жай-күйін көрді. Қазіргі таңда нысанда ішкі қабырғаларды сылау, есік-терезелерді толық ауыстыру, кәріз жүйесі мен жылу құбырларын жаңарту, сондай-ақ шатыр жабындарын жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жобаға тиісті қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар мердігер мекеме өз қаражаты есебінен ғимараттың сыртқы қасбетін де жаңғыртуды қолға алған. Бұл өз кезегінде нысанның сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындарға сапалы әрі заманауи қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Жөндеу жұмыстары алдағы маусым айында толық аяқталып, пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Мұнан соң аудан басшысы Ораз ахун көшесі бойында салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолының құрылысымен танысты. Ұзындығы 1700 метрді, ені 1,5 метрді құрайтын жоба кент тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда құрылыс алаңында қажетті инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізіліп, жолдың негізін дайындау, тегістеу және төсеу жұмыстары атқарылуда.
Аудан әкімі аталған жобаның тұрғындар үшін маңыздылығына тоқталып, әсіресе балалар мен қарттардың қауіпсіз жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау басты назарда болуы керектігін айтты. Жоба биылғы маусым айында аяқталып, ел игілігіне беріледі деп күтілуде.
Сапар барысында аудан басшысы кент кіреберісінде орналасқан Дендропарк аумағына да барды. Мұнда жүргізіліп жатқан абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарының сапасын бақылап, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе жасыл желектерді күтіп-баптау, аумақты таза ұстау және тұрғындар демалатын орындардың эстетикалық талаптарға сай болуы маңызды екені айтылды.
Жандос Еркінбек тазалық пен көркейту жұмыстары ауданның келбетін айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі екенін атап өтіп, барлық тапсырмалардың сапалы әрі кемшіліксіз орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Нысандарды аралау қорытындысында аудан әкімі жауапты сала басшылары мен мердігер мекемелерге құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше мән беруді ескертіп, барлық жобаларды белгіленген мерзімде әрі талапқа сай аяқтау қажеттігін айтты. Сонымен қатар тұрғындар игілігі үшін атқарылып жатқан әрбір жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарау керектігін жеткізді.