Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев Арал қаласындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, құрылыс және абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты.
Алдымен аудан басшысы темір жол вокзалы ғимаратындағы құрылыс жұмыстарын көріп, мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. Ол жолаушыларға қызмет көрсететін нысанның сапалы әрі заман талабына сай салынуы маңызды екенін айтып, құрылыс барысында салғырттыққа жол бермеуді тапсырды.
Сондай-ақ Ә.Қаюпов көшесі бойындағы ескі темір жол желісін алу жұмыстары жүргізілуде. Көп жылдан бері тұрғындар көтеріп келген мәселе кезең-кезеңімен шешімін табуда. Жоба аясында ескі темір жол алынып, аумақ тегістеліп, ретке келтіріледі. Алдағы уақытта қаржы бөлінген жағдайда бұл аумақта аллеялар мен скверлер салу жоспарланған.
Одан әрі аудан әкімі Тәуелсіздік алаңындағы қайта абаттандыру жұмыстарының жобасымен танысты. Қала әкімдігі алаң аумағына брусчатка төсеу және ескерткіш-монументтерді жөндеу жұмыстарын кезең-кезеңімен жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар аудан басшысы Бақтыбай батыр көшесіндегі қайта жаңғырту жұмыстарын көрді. Қазіргі таңда автожолдың 1,7 шақырымына асфальт жабындысы төселіп, бірқатар көшелер қиылысына бағдаршамдар орнатылған. Жоба аясында жаяу жүргіншілер жолына брусчатка төсеу, жарық шамдарын жаңарту, тынығу орындарын жасау және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай қарастыру жұмыстары жалғасуда.
Аудан әкімі мердігер мекеме өкілдеріне барлық жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.