Бүгін аудандық Руханият орталығында «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында Жалағаш ауданының прокуроры Талғат Елеубайұлының бастамасымен ауқымды профилактикалық кездесу өткізілді.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Әнуарбек Шәкіратұлы, жергілікті атқарушы орган өкілдері, полиция бөлімі, денсаулық сақтау, білім, төтенше жағдай және мемлекеттік кірістер органдарының мамандары қатысып, тұрғындармен тікелей ашық диалог жүргізді.
Кездесу барысында құқықтық мәдениетті арттыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді дер кезінде шешу жолдары талқыланды. Әр сала мамандары өз бағыттары бойынша түсіндірме жасап, тұрғындарға пайдалы ақпараттар ұсынды.
Шарадан кейін ұйымдастырылған қоғамдық қабылдау алаңында тұрғындар жеке және әлеуметтік сипаттағы сұрақтарына толыққанды жауап алып, көтерілген мәселелер бойынша нақты ұсыныстар мен түсіндірмелер берілді.
Іс-шараның қорытындысында прокуратура, полиция және әкімдік басшыларының қатысуымен «СұхбатTime» форматындағы ашық сұрақ-жауап алаңы өтті. Еркін пікір алмасу алаңы халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, өзекті мәселелерді бірлесе талқылауға және шешу жолдарын анықтауға мүмкіндік берді.