«Ауыл – төл өркениетіміздің алтын қазығы. Ауылды өркендету – баршаға ортақ парыз. Мемлекет бұл мәселеге ерекше жауапкершілікпен қарайды. Өздеріңіз білесіздер, 2022 жылы халыққа ұсынған сайлау алдындағы бағдарламада ауыл мәселесіне айрықша назар аудардым.
Алғашқы Жарлығым да ауылды дамытуға арналды. Соған сәйкес Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Қазіргі таңда осы құжатқа сай нақты жұмыс атқарылып жатыр.
Жуырда ғана Ауыл еңбеккерлерінің екінші форумын өткізіп, осы саладағы өзекті мәселелерді қарадық. Ал бүгін ауыл-аймақтардың даму бағдарын айқындаймыз. Бұл – мемлекеттің алдында тұрған стратегиялық міндеттің бірі».
Мемлекет басшысы ауылдағы оң өзгерістерге тоқталды
«Соңғы жылдары ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. 2022 жылы халықтың табысын арттыруға арналған кешенді жоспар қабылданды. Биыл Үкімет алдағы бес жылға арналған Өңірлерді дамыту тұжырымдамасын бекітті. Ауылға қомақты инвестиция тартылды.
2021 жылдан бері ауыл халқына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 864 нысан салынды. Сондай-ақ 388 жаңа мектеп ашылды. Былтыр 2 мыңға жуық ауыл мектебіне сапалы интернет берілді.
Жыл өткен сайын ауылдың әлеуеті артып келеді. Өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі жоғары ауылдардың саны көбейе түсті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі алты жылда 1,5 еседен астам өсіп, 8,3 триллион теңгеге жетті.
Биыл ауылдағы шаруаларға 1 триллион теңге көлемінде қолдау көрсеттік. Дәл осындай мемлекеттік қолдау көрсеткен елдер көп емес, тіпті, бұл көптеген ел қол жеткізе алмайтын қаржылай көмек деуге болады.
Алайда алдымызда биік мақсаттар тұр: біз ауылдағы жағдайды жақсартып, жұмысты күшейтуіміз керек».
Президент: «Ауыл әкімдері міндетті түрде білікті маман болуға тиіс»
«Қазіргі ауыл әкімдерінің 60 пайызға жуығы осы қызметке алғаш рет сайланды. Бұл – жергілікті билік құрамы біршама жаңарды деген сөз. Алайда сайлауда жеңіске жету – алдағы үлкен жұмыстың басы ғана.
«Әкім болдым, толдым» деп отыруға болмайтыны түсінікті. Әкімдер өздерінің мықты басшы екенін іс жүзінде дәлелдеуі керек. «Басшының бағы – ел-жұрттың қамы» деп бекер айтылмаған. Нағыз елге сыйлы әкім болу үшін ауылдың ахуалын жақсы білу де аздық етеді. Халықтың сенімін ақтап, елдің береке-бірлігін нығайту үшін жұмыс істеу керек.
Әкім мемлекеттік деңгейде жасалып жатқан өзгерістерді жергілікті жерде жүзеге асыруға қабілетті болуы қажет. Кәсіби тұрғыдан білікті әрі еңбекқор әкім сайлаушылардың сенімін ақтай алады. Сондықтан ауыл әкімдерінің басқару ісіндегі шеберлігін арттыру өте маңызды.
Әкімдердің арасында бұрын билік жүйесінде жұмыс істемеген азаматтар бар екенін айттық. Олардың тәжірибесі аз екені түсінікті. Осы бағытта «Amanat» партиясының бастамасымен «Әкімдер мектебі» жобасы қолға алынды. Әрине, мұндай курстар жоғары білімнің орнын баса алмайды. Сондықтан университеттерде оқытылатын «Мемлекеттік және жергілікті басқару» бағдарламасын талапқа сай өзгерту керек.
Ауыл-аймақтарды басқару, көшбасшылық қабілетті дамыту мәселесі назардан тыс қалған. Ал бұл жұмыспен ең алдымен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі шұғылдануы керек. Құзырлы министрлікпен бірлесіп, ауыл әкімдерін даярлауға белсенді түрде кірісу қажет».
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін нақтылау жөнінде тапсырма берді
«Ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін күшейту керек. Бірақ мұны халыққа пайдасы тиетіндей мұқият ойластырып іске асырған жөн.
Соңғы жылдары жергілікті билік органдары кезең-кезеңімен қосымша өкілеттікке ие болып, олардың дербестігі арта түсті. Бұл – менің нақты ұстанымым. Өйткені ауыл әкімдері елдегі ағайынның тұрмыс-тіршілігіне қатысты түйткілдерді шешумен айналысады.
Қазіргі уақытта Мәжіліс «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» Заңға енгізілетін түзетулерді қарастырып жатыр. Аталған нормалар әкімдерге көше саудасына мониторинг жүргізуге, қоғамдық аумақтарды абаттандыруға, арнаулы техникалар сатып алуға қатысты өкілеттіктер беруді көздейді.
Дегенмен заңнаманың екіұшты тұстары да бар. Мәселен, әкімдерге жергілікті деңгейдегі басқару органдарының жұмысына оң ықпал етуге нақты мүмкіндік берілмейді.
Бүгін әкім Ирина Шишкина ауыл әкімдерінің мемлекеттік дерек қорына қолы жетпей отырғанын айтты. Бұл мәселені шешу қажет. Міне, осындай кемшіліктердің салдарынан әкімдер тұрғындардың талап-тілегін орындай алмайды. Ашығын айтқанда, кейбір жағдайда дәрменсіз күйге түседі. Оған жол беруге болмайды.
Жергілікті мемлекеттік басқарудың түрлі деңгейлері арасындағы жауапкершілік шегі анықталмаған. Бұл өңірлердегі жағдайға кері әсер етеді. Ауыл әкімдерінің өкілеттіктері айқын болуы керек деп санаймын. Заңнамалық түзетулерді талқылаған кезде депутаттарға осы жайттарды ескеруді ұсынамын. Сондай-ақ осы жиында ауылдық округ әкімдері көтерген ұсыныстарды да ескерген жөн.
Бүгін сөз алғандар ауыл әкімдеріне функционалдық міндетіне кірмейтін қызметтерді қоса атқару жүктелгені жөнінде айтты. Шын мәнінде, ауыл әкімдері құқық қорғау органдарының құзыретіне жататын міндеттерді неге атқаруға тиіс?!
Үкімет Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, аудан және ауыл әкімдерінің құзыретіне жатпайтын, қайталанатын және жетіспейтін өкілеттіктерін анықтау мақсатында жағдайға егжей-тегжейлі талдау жүргізуге тиіс.
Бір ай ішінде оларды түзету, жою немесе жергілікті мемлекеттік басқару сатылары арасында қайта бөлу туралы ұсыныс енгізуді тапсырамын».
Мемлекет басшысы ауыл әкімдіктері қызметкерлеріне жағдай жасаудың маңызына назар аударды
«Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі ауыл әкімдерінің мәртебесі туралы мәселені айналып өте алмаймыз. Бұл – өте өзекті дүние.
Аталған ұсыныс бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенін, тіпті, Президент Әкімшілігіне тиісті өтініштер түскенін жақсы білемін. Мемлекеттік қызметшілердің санаттарын нақты белгілеу керек. Үкімет Парламентпен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен осы мәселелерді жан-жақты қарастырып, бір ай ішінде өздерінің ұсыныс-пікірлерін беруге тиіс. Содан соң шешім қабылданады.
Ауыл әкімдіктерінің қызметкерлерін қолдауға ерекше көңіл бөлген жөн. Әкімдіктерде, әсіресе, ауыл әкімдіктерінде бұрын жұмыс істеген немесе қазір де еңбек етіп жүрген азаматтар мұны мемлекеттік қызметшінің нағыз өмір мектебі деп бекер айтпайды. Бұл баршаға түсінікті. Өйткені әкімдік қызметкерлері билік пен бұқара арасында сенімді әрі сындарлы диалог жүргізуді меңгеріп, нағыз басқару машығын жетілдіреді.
Сол себепті ауыл әкімдіктері қызметкерлерінің жұмыс істеуіне, олардың кәсіби тұрғыдан өсуіне жағдай жасау маңызды деп санаймын».
Президент: «Әкімдердің өкілеттігімен қатар жауапкершілігі де күшеюі керек»
«Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңда әкімнің сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін нақтылайтын норма жоқ. Бұл – дұрыс емес.
Әкімдер тұрғындарға сайлау алдындағы бағдарламасының орындалуы туралы жиі есеп беріп тұруға тиіс. Мұны заңмен бекіту керек.
Уәдесін орындамайтын, міндетін дұрыс атқармайтын ауыл басшысын қызметінен босату тетіктері қарастырылуы қажет. Ондай әкімдер халықтың талабымен немесе саяси партиялардың ұсынысымен жұмыстан шығарылуға тиіс.
Сонда әкім болуға үміткерлер де елге экономикалық негізі жоқ құрғақ уәде бере алмайды. Мұндай жалаң сөздер, яғни популистік әрекеттер халықтың ауыл әкімдеріне, тіпті тұтас сайлау институтына деген сенімін азайтуы мүмкін.
Үкімет әкімдердің сайлау алдындағы бағдарламасының экономикалық бөлігіне қойылатын талаптарды айқындауы керек. Сапалы дайындалған бағдарламаны аймақтың даму жоспарымен үйлестіруге болады. Жалпы, осындай шаралар әкімдердің есептілігін күшейтеді. Сондай-ақ өз үміткерлерін ұсынған партиялардың жауапкершілігін арттырады».