ПРЕЗИДЕНТ:АУЫЛДЫҢ ЖАҒДАЙЫ-ЕЛІМІЗ ҮШІН СТРАТЕГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕ

Мемлекет басшысы: «Әкім – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші»

«Бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша. Еліміздегі барлық деңгейдегі атқарушы билік өкілдері осы жерге арнайы шақырылды. Ауыл әкімдерінің басым көпшілігі, яғни 80 пайызы осында. Жалпы, осындай ауқымды құраммен алғаш рет бас қосып отырмыз. 

Шын мәнінде, тақырып – өте өзекті. Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі халқымыздың тамыры – ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ. Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше. 

Әкім – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші. Бұл – өте жауапты жұмыс. Ауыл әкімі ауылдың болмысын, ауылдағы ағайынның өмірін жете түсінетін нағыз іскер маман болуы керек. 

Жаңа ғана бірнеше әкімнің сөзін тыңдадық. Айтылған ой-пікірлерді және ұсыныстарды мұқият зерделеп, жұмыс барысында міндетті түрде ескеру қажет».

⚡️Президент: «Еліміз бойынша 2334 ауыл әкімі сайланды»

«2020 жылы халыққа Жолдауымда ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастама көтергенімді білесіздер. Бұл мемлекетті басқару ісін түбегейлі жаңғырту жолындағы аса маңызды қадам болды. Себебі жергілікті әкімдер бүкіл билік жүйесінің тірегі саналады. 

Сондықтан біз орынсыз асығыстыққа жол берген жоқпыз, ауыл әкімдерін сайлау жұмысын 5 жылдың ішінде біртіндеп жүзеге асырдық. 

Бүкіл еліміз бойынша 2334 ауыл әкімі сайланды. Олардың орташа жасы – 43 жас. Жаңадан сайланған әкімдердің үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар». 

⚡️Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ауылдағы сайлау саяси партиялардың аймақтардағы жұмысына тың серпін берді»

«Олар өз үміткерлерін ұсынып, сайлауға белсене араласты. Саяси ұйымдардың 1500-ден астам өкілі әкім болып сайланды. Жаңа басшылардың қатарында алты партияның мүшелері бар. Ал 700-ден астам азамат өзін-өзі ұсынып, сайлауда жеңіске жетті. 

Сайланған әкімдер жұмысқа кірісіп кетті, жалпы нәтиже жаман емес деуге болады. Ең бастысы, олар жергілікті жұрттың мұң-мұқтажын, шешімін таппай жатқан түйткілдерді жақсы біледі. 

Ауыл-аймақтың дамуына бөлінген бюджет қаражаты да тиімді игеріле бастады. Ауылдардың кірісі көбейді, мемлекет тарапынан берілетін қаржыға, яғни дотацияға тәуелділік азайып келеді. 

Жақында жүргізілген сауалнамаға сәйкес ауыл тұрғындарының 84 пайызы өз әкімдеріне сенетіні анықталды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Сондықтан ауыл әкімдерін сайлау үдерісі алдағы уақытта да жалғасын табады».

⚡️Мемлекет басшысы аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралауды тапсырды

«Ал аудан әкімдерін сайлауға қатысты әртүрлі көзқарас бар. Бірқатар қоғам қайраткері мен белсенді азаматтар «аудан әкімдерін сайлау қажет пе, жоқ па» деген мәселені қайта қарауды ұсынуда. Бұл мәселені Ерлан Саиров, Альберт Рау, Мархабат Жайымбетов бастаған депутаттар да көтерді. 

Олар елде сайлау тым көбейіп бара жатқанын, жұрт саяси науқандардан мезі бола бастағанын айтуда. Бұл пікірді ауыл және аудан тұрғындары да қолдап жатыр. Сайлау науқандары жергілікті жерде жүргізілуге тиіс нақты жұмыстарға кедергі келтіруі мүмкін деген пайымдар да бар. Бұл пікірлерді ескерген жөн. 

Осыған дейін аудан әкімдерін сайлау тәсілі арқылы 52 әкім сайланды. Енді олардың қалай жұмыс істейтінін қарап көру қажет. Аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралау керек. Мәселе – аудан әкімдерінің сайлауын міндетті түрде өткізу емес, басты мақсат: біз оң нәтижелерге қол жеткізуіміз керек. 

Үкімет және Парламент депутаттары бірлесіп, осы мәселені жан-жақты қарап, әділетті, дұрыс шешім қабылдауы қажет. Ең бастысы, әрбір реформа салмақты көзқараспен, байыппен жасалуы керек».

⚡️Президент: «Кадрлар құрамын жаңарту үдерісі биліктің бүкіл тармағында және барлық деңгейде жүргізіліп жатыр»

«Бәріңізге белгілі, елдегі өзгерістердің арқасында мемлекеттік қызметке мүлде жаңа адамдар келіп жатыр. Осы орайда, Президенттік жастар кадрлық резервін ерекше атап өткен жөн. Резервке қосылуға өтініш берген 30 мыңға жуық үміткердің ішінен 450 адам іріктеліп алынды. Олардың 72 пайызы басшылық қызметке тағайындалды. 

Кадрлар құрамын жаңарту үдерісі биліктің бүкіл тармағында және барлық деңгейде жүргізіліп жатыр. Бұл – уақыт талабы. Бірақ осындай жауапты жұмыста саяси науқаншылдыққа жол бермеу керек. 

Ең алдымен, тиімді ұсыныс айтып, пайдалы бастамалар көтеретін, батыл шешім қабылдай алатын азаматтарды, яғни кәсіби тұрғыдан білікті мамандарды мемлекеттік қызметке көптеп тарту қажет. Біз осы маңызды жұмысты жалғастыра береміз». 

БӨЛІСУ