Бүгін білім ордасының биік жетістіктерін арқалаған үздік оқушылар мен олардың ұстаздары үшін ерекше күн болды. Білім бөлімі басшысы Талғат Құрақбайұлы Республикалық Ауыл олимпиадасының облыстық кезеңінде топ жарған оқушылар мен пән жетекшілерімен арнайы жүздесіп, жылы ықыласын білдірді.
Кездесу барысында жеңімпаз оқушыларға облыстық білім басқармасының арнайы дипломдары, ал олардың еңбегі ерен жетекшілеріне білім бөлімінің алғыс хаттары табысталды. Талғат Құрақбайұлы оқушылардың қажырлы еңбегін жоғары бағалап, алдағы республикалық кезеңде сәттілік тілеп, сенім артты.
Өткен оқу жылында аудан бойынша Республикалық Ауыл олимпиадасының облыстық кезеңіне 80 оқушы қатысып, олардың 14-і республикалық байқауға жолдама алып, 12 оқушы жеңімпаз атанған еді.
Ал 2025–2026 оқу жылында мектепішілік кезеңге 561 оқушы, аудандық кезеңге 519 оқушы қатысып, облыстық сыннан 106 оқушы сүрінбей өтті. Нәтижесінде 22 оқушы облыстың үздіктері қатарынан көрініп, республикалық деңгейге жолдама иеленді.
Бұл – ауданымыздың білім саласындағы табанды жұмыстың, ұстаздар еңбегінің және оқушылардың талмай ізденуінің жарқын көрінісі.