Құмар ойын мен вандализмнің алдын алу бойынша кездесу өтті.
Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақпараттық-түсіндіру тобының ұйымдастыруымен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Экономика және құқық факультетінде жастармен кездесу өтті.
Шараның негізгі мақсаты – студенттер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құмар ойын мен вандализмнің зиянын түсіндіру, сондай-ақ жастарды қоғамға жауапкершілікпен қарауға шақыру болды.
Кездесуде заң ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Эльмира Тойлыбекова, Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері – «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Нұргүл Дүйсебаева және мекеменің аға сарапшысы Ақманат Байқадамова жастарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тақырып төңірегінде ой бөлісті.
Спикерлер өз сөздерінде құмар ойынның адам психологиясына, отбасылық және әлеуметтік жағдайына тигізетін кері әсеріне тоқталып, вандализмнің қоғамдық тәртіп пен мәдени құндылықтарға нұқсан келтіретінін атап өтті.
Кездесу барысында студенттер белсенділік танытып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Экономика және құқық институтының құқықтану мамандығының 1 курс студенті Аяжан Ерсұлтанқызы өз пікірін білдіріп, жастардың заңды білуі мен оны құрметтеудің маңызын атап өтті.
Шара соңында қатысушыларға құмар ойын мен вандализмнің құқықтық және әлеуметтік салдары туралы ақпарат қамтылған бүктемелер таратылды.