КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРҒА МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАР ТАБЫСТАЛДЫ

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің №1005 Жарлығына сәйкес бірқатар көп балалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградалары табысталды.

Жиында аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов марапат иегерлерін құттықтап, ана рөлінің қоғамдағы маңызын атап өтті.

«Көпбалалы аналар – елдің алтын қазығы, ұлттық тәрбие мен ұрпақ жалғастығының берік негізі. Отбасында ананың рөлі – мейірім мен парасаттың, қамқорлық мен ізгіліктің шынайы үлгісі. Ұл-қыздарын тәрбиелеп, елге ізгілік нұрын себетін аналардың қоғамдағы орны ерекше. Аналарымыздың ұлт болашағын тәрбиелеудегі еңбегі – әрқашан құрметке ие», – деді аудан әкімінің орынбасары өз құттықтауында.

Марапатталған аналар қатарында Жалағаш кентінен Гүлдәурен Мерекеева, Аламесек ауылынан Мәрзия Сәрсенбаева, Қаракеткен ауылынан Зухра Білісбаева «Алтын алқа» иегері атанса, кент тұрғындары Толғанай Дәрібаева мен Фариза Құлманова, Аққыр ауылынан Айдана Өтепбергенова, Қаракеткен ауылының тұрғыны Мейрамкүл Кенеева «Күміс алқамен» марапатталды.

Салтанатты жиында аудандық аналар кеңесінің төрайымы Айқын Бектасқызы мен алтын құрсақты батыр аналар жүрекжарды тілектерін білдіріп, аналарды марапаттарымен құттықтады.

БӨЛІСУ