Бүгін М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Конституция — бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі» атты мерекелік іс-шара өтті.
Әрбір қазақстандықтың санасында Конституция күні Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданған тарихи күнімен байланысты. 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды, ол біздің еліміздің дамуындағы бетбұрыс болды.
Конституция Республиканың бүкіл аумағында жоғары заңды күшке ие және тікелей қолданылады. Негізгі Заңда мемлекеттің ең жоғары құндылықтары адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екендігі атап өтілген.
Республика қызметінің негізгі қағидаттары: қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігі үшін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекеттік өмірдің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, соның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу болып табылады.
Біз бұл актімен іс жүзінде жаңа мемлекеттің — болашақ Қазақстан Республикасының әлем картасына негіз қаланғанын мақтанышпен айта аламыз.
Конституция – егемен еліміздің мемлекеттілігін, тəуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айғақтайтын маңызды құжат.
Конституцияның негізгі тірегі — халық бірлігі, қоғамдық жəне рухани келісім, саяси тұрақтылық секілді ерекше құндылықтарды құрайды.
Мемлекет пен қоғамның орнықты дамуына жол ашқан Конституция экономикалық өрлеу мен азаматтардың əл-ауқатының артуын қамтамасыз етіп келеді, – деді аудан әкімі Мажит Самитов.
Мұнан соң ауданның әлеуметтік — экономикалық дамуына үлес қосып жүрген сала қызметкерлерін марапаттады.
Сондай-ақ, жиында мемлекеттік қызметке жаңадан келген жас мамандар салтанатты түрде ант қабылдап, өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаратынына сенім білдірді.
Мерекелік іс-шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Рухты көтеретін патриоттық әндер шырқалып, жиналған көпшілікке мерекелік көңіл — күй сыйлады.