ЖАСТАР – ЕЛ ЕРТЕҢІ: МЕРЕКЕЛІК КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Жастар — қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы.

Олар қай кезде де, қай қоғамда да белсенді буын өкілдері. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Ал жаңа идея қазақ елінің жаңаруына бағыт алып, “Мәңгілік ел” болуына нық қадам бастайды.

Тек бізде ғана емес, әлем жұртшылығы жастардың алып күш иесі екендігін мойындап, олармен санасады. Сондықтан бір жылдың айтулы бір күнін арнайы жастар мерекесі етіп, күнтізбеде белгілеген. Яғни, 12 тамыз — Халықаралық жастар күні ретінде аталып өтіледі.

Бүгін «Руханият» орталығында Халықаралық жастар күніне орай аудан әкімі Мажит Самитов ауданның белсенді жастарымен кездесті.

Кездесуде аудан басшысы жастарды мерекемен құттықтап, білім, спорт, мәдениет саласында жетістіктерге жеткен бірқатар белсенді жастарға Алғыс хатын табыстап, сый — құрмет көрсетті. Марапат аясында жас жұмысшы мамандық иелері мен еңбек адамдары да құрметке бөленді.

Іс-шараға аудандық мәслихат төрағасы Жарқынбек Ғалымжан, Қоғамдық Даму Басқармасының бөлім басшысы Ернур Бихожаев, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Алиби Басаров және аудан жастары қатысты.
Шара соңында «Qazaqstan дауысы. Балалар» мегажобасының финалисті Нұрислам Тлеухан әсем әнімен көпшілікті қуантты.

БӨЛІСУ