Құрылыс қарқынды жүріп жатқан қазіргі кезеңде қолжетімді, арзан әрі сапалы құрылыс материалдарына деген сұраныс айтарлықтай артып келеді. Осындай материалдардың ішінде тұрғын үй мен түрлі нысандарды тұрғызу барысында кеңінен қолданылатын – құмблоктың орны ерекше. Осы бағытта жұмыс істеп, құрылыс материалдарын өндіру ісін жолға қойған жеке кәсіпкер Азамат Ысқақов жетекшілік ететін «Искаков» жеке кәсіпкерлігі бүгінде тұрақты тұтынушыларын қалыптастырып үлгерді.
Кәсіпкер өз ісін «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында бастаған. Бағдарлама шеңберінде 6 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, құмблок өндіруге қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бүгінде кәсіпорында 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Жаңадан жолға қойылған бұл кәсіптің өнімдері қазірдің өзінде Қызылорда қаласы, жақын аудандар мен ауылдық елді мекендерге кеңінен саудалануда.