АГРАРЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК АЯСЫНДАҒЫ ІССАПАР

Өзбекстанмен аграрлық әріптестік аясында іссапар.
GIZ халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасының орынбасары Жанұзақ Байманов пен бөлім меңгерушісі Айдос Жалбыров Өзбекстан Республикасына іссапармен барып қайтты. Сапар мақсаты – егін шаруашылығы саласындағы өзбекстандық әріптестермен тәжірибе алмасу, жаңа технологияларды зерделеу және ғылыми ынтымақтастықты нығайту.

Сапар Сырдария облысындағы Master Fruit LLC фермасынан басталып, соңғы агротехнологиялар қолданылып жатқан алқаптармен танысты. Кейін Ташкенттегі Күріш ғылыми-зерттеу институтына барып, бірлескен жобаларды дамыту мақсатында Ы.Жақаев атындағы институт пен өзбек әріптестері арасында меморандумға қол қойылды.

Іссапар Қарақалпақстанда жалғасып, Нукус қаласындағы Күріш және дән институтында күздік-жаздық дақылдарға жүргізіліп жатқан экологиялық сынақтар, су үнемдеу технологиялары таныстырылды. Бұл бағытта да екіжақты меморандум жасалды.

Соңғы күні Үргеніш қаласында күріш шаруашылығы бойынша дөңгелек үстел өтіп, Хорезм облысының диқандарымен тәжірибе алмасу, ортақ мәселелерді талқылау алаңына айналды. Сонымен қатар, күріш өңдеу зауыты мен Халықаралық су институтының тәжірибелік алаңы араланып, су ресурстарын үнемдеу бағытындағы жобалар қаралды.

Үш күнге созылған сапар өзара ынтымақтастықты тереңдетіп, инновациялық шешімдермен танысуға мол мүмкіндік берді.

БӨЛІСУ