Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті.
Күн тәртібінде бұрын сотты болған, пробациялық есептегі және жаза өтеу орнынан шартты түрде босатылған азаматтарға қатысты құзырлы органдармен атқарылған шаралар, Жалағаш кенті бойынша қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуда атқарылып жатқан жұмыстар қаралды.
Атқарылған жұмыстарға сәйкес бұрын сотты болғандарды, оның ішінде пробациялық бақылау есебінде тұратын азаматтарды жұмыспен қамту және оларға әлеуметтік көмек көрсетуде жұмыстарды күшейту тапсырылды.
«Жалағаш ауданының полиция бөлімі, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Жалағаш кенті және ауылдық округі әкімдері бірлесіп, пробация есебіндегі тұлғалардың қоғамға бейімделуіне, заң талаптарын сақтауға, еңбекке және өзге де қоғамға пайдалы қызметпен айналысуға, білім деңгейі мен мәдени деңгейін арттыруға бағытталған шараларды қабылдаңыздар.
Шартты түрде бас бостандығынан айырылған азаматтар тізіміндегі қайта қылмыс жасауға бейім сотталғандарды еңбекке баулу және әлеуметтік көмек түрлерімен қамтамасыз етуді тиімді түрде жүзеге асыру қажет.
Жыл сайын пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар үшін белгіленетін жұмыс орындары квоталарының толық орындалуын қамтамасыз етілу керек»,-деді, аудан әкімі Ардақ Ибраимов.
Күн тәртібіндегі қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары бойынша Жалағаш кентінде құзырлы органдармен бірлесе отырып профилактикалық жұмыстарды күшейту қажеттігін айтты.
Бейнебақылау камераларын толық іске қосылуын қамтамасыз етіп, олар аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне қосылатын болады.
Кент көшелерінде жарықшамдардың жай-күйіне қайта талдау жасап, олардың кешкі, түнгі мезгілдерде үздіксіз қызмет көрсетуін қамтамасыз ету Жалағаш кентінің әкімі Мардан Жамалатовқа қатаң тапсырылды.
Сондай-ақ, жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуде көше жол белгілерін ағымдағы жөндеуден өткізу, жол үсті жолақ сызықтардың барлық көшелерде болуын қамтамасыз ету жұмыстарын тұрақты бақылауға алып, іске асыруды тапсырды.
Мәжілісте қаралған мәселелердің уақытылы және сапалы орындалуын бақылау сала бойынша жауапты аудан әкімінің орынбасарына тапсырылды.